ДИКТОР: Биылдан бастап екі әлеуметтік төлемнің мөлшері артқан. Яғни, еңбек ету қабілетінен немесе асыраушысынан айырылған азаматтарға берілетін жәрдемақы көлемі 8,5 процентке өсті. Сондай-ақ, осы жылы бала күтімі бойынша берілетін төлем мерзімі бір жарым жылға дейін ұзартылды.

РКС: Бүгінде өңірде бала күтімі бойынша жәрдемақы алатын 8 мыңға жуық адам бар. Биылдан бастап олардың төлем мерзімі жарты жылға ұзартылды. Бұл қаражат мемлекеттік бюджеттен ғана емес, әлеуметтік сақтандыру қорынан да төленеді. Алайда оны алу үшін жалақыдан тұрақты түрде жарна аударылуы керек. Осының арқасында екі жылдағы орташа жалақының 40 процентін бала күтімінде отырғанда алуға болады,-дейді сала мамандары. Сондай-ақ, биыл тағы да бір әлеуметтік төлемге өзгеріс енгізілді.

СНХ: АЙНАГҮЛ САБЫРОВА, МЕМЛЕКЕТТІК ӘЛЕУМЕТТІК САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Жұмысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем, ол жүйеге қатысушыға жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап еңбек өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін тағайындалады. Әлеуметтік төлемнің мөлшері әлеуметтік аударымдар жүргізілген жүйеге қатысушының соңғы 2 жылдағы орташа айлық кірісіне, жүйеге қатысу өтіліне және кірісті ауыстыру коэффициентіне байланысты болады. 2023 жылдан бастап кірісті ауыстыру коэффициенті 45% - ға дейін артады, бұл әлеуметтік төлем мөлшерінің орта есеппен 13% - ға өсуіне әкелді.

РКС: Былтыр әлеуметтік кодекс жобасы аясында пилоттық режимде отбасының цифрлық картасы іске қосылды. Бүгінде онда елімізде тұратын 6 миллионан астам жанұя туралы ақпарат жиналған. Осының арқасында азаматтардың әл-ауқатының деңгейі айқындалып, мұқтаж жандарға мемлекеттік көмек көрсетіледі.

СНХ: НӘЗИПА СӘЛІНГРЕЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ЕҢБЕК, ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖӘНЕ КӨШІ-ҚОН ДЕПАРТАМЕНТІ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Отбасының цифрлық картасы белгілі бір алгоритм бойынша жұмыс істейді. Яғни, мемлекеттік кепілдік алуға құқығы бар отбасына Еңбек министрлігінен хабарлама жолданады. Тұрғындарға оған келісу, келіспеу құқығы да беріледі. Содан кейін олар жәрдемақының 9 түрі бойынша төлем ала алады. Бүгінде өңірде 1700-ден астам адамға осындай хабарлама жіберіліп, 459 адамға өтемақы тағайындалды.

РКС: Былтыр ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңге болып бектілген. Оның 3,5 проценті ай сайын әлеуметтік сақтандыру жүйесіне аударылады. Осының арқасында еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан айырылған, бала күтіміне байланысты жұмыстан босатылған азаматтар тұрақты түрде әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз етіледі.

ҰМСЫНДЫҚ НАУРЫЗБАЕВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, «КӨКШЕ АҚПАРАТ»