ДК: Ұрпақтар сабақтастығы. Ата-ананың ізін жалғастырушы ұрпағы оларға еліктеп, солардың жүріп өткен жолынан тайғысы келмейді. Өсе келе болашақ мамандығын да сәйкесінше таңдайды. Аға буынның тәжірибесі ұрпағының жоғары білікті маман болуына ықпал етіп жатады. Осылайша белгілі бір салада династия пайда болады. Мұқатовтар отбасы осы сөзімізге дәлел болса керек-ті. Дәрігерлік жолды таңдаған ата-ананың екі ұлы да бүгіндері медицина саласында еңбек етіп келеді. Ақ халатты абзал жандардың династиясы жайында тілшіміз Аида Хамитова айтады.

РКС: Райхан Мұқатова 1984 жылы Қарағанды медицина институтын бітірген соң, Ақмола облыстық ауруханасына жұмысқа орналасты. Гастроэнтерология бөлімшесінде дәрігер-ординатор қызметін атқарды. Кейін бөлімше меңгерушісі және бас дәрігердің амбулаторлық жұмыс жөніндегі орынбасары болды. Зейнет жасына шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырмай, өзі еңбек еткен медициналық ұйымында дәрігер-сарапшы ретінде жұмысын жалғастыруда.

СНХ: РАЙХАН МҰҚАТОВА, ОБЛЫСТЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАСЫНЫҢ ДӘРІГЕР-САРАПШЫСЫ: Аурухананы өзімнің екінші үйім әрі отбасымның бір бөлшегі деп санаймын. Өйткені дәлі сол жерде өзімнің өмірлік серігімді жолықтырдым. Ол онокология диспансерінің хирургия бөлімшесінде еңбек етеді. Дәрігерлер династиясы туралы айтар болсақ, біз ақ халаттылардың алғашқы ұрпағымыз. Менің де, Михаилдың да отбасында негізінен мұғалімдер, экономистер мен құрылысшылар. Дәрігерлер болған емес. Мен неге осы мамандықты таңдадым? Мен көпбалалы отбасынанмын. Ең кенжесімін. Мамандық таңдау кезінде әкем үлкен отбасында бір дәрігер болуы керек екенін айтты. Осылайша медицинаға келдім.

РКС: Отбасылық кәсіби династия-алған біліміңді, жылдар бойы жинақтаған тәжірибе мен шеберліктің құпиясын ұрпақтан-ұрпаққа сіңірумен ғана шектелмесе керек-ті. Оның атмосферасының өзі ерекше. Көп ретте ата-анасының жүріп өткен жолын балалары жалғастыруды қалайды. Мұқатовтар отбасында да осы үрдіс сақталған деуге болады. Бала күнінен ақ халаттылардың ортасында тәлім-тәрбие алған ұлдары дәрігер болуды мақсат етеді.

СНХ: ДАМИР МҰҚАТОВ, ИНТЕРН: Менің ата-анам дәрігерлер. Анам саналы ғұмырын осы облыстық ауруханадағы қызметке арнады. Еңбек кітапшасында бір ғана жазу бар. Әкем де онкохирургия бөлімшесінің меңгерушісі. Мен ес білгелі осы жерде еңбек етіп келеді. Әр адамның өз тағдыры, өзінің соқпақ жолы болады деген шын екен. Орта мектепті тәмамдаған соң, тағдыр мені медицина институтына түсуге жетеледі десем артық айтқандық болмас. Ата-анам маған таңдау жасауда еш кедергі келтірген жоқ. Бірақ, жас болсам да медицинадан өзге мамандықты таңдағым да келмеді. Сөйтіп, Қарағандының медицина академиясына оқуға түстім. Бір қызығы, ата-анам да сол оқу орнын аяқтаған. Жоғары білім алған соң мен де еліме қайтып оралдым. Бір сөзбен айтқанда ата-анамның жүріп өткен жолынан мен еш ауытқығам жоқ.

РКС: Дамир жауапкершіліктің қаншалықты салмақты екенін сезінеді. Өтйкені, ата-анасының жеткен жетістігіне жетіп, мықты маман болу үшін жоғары білім алу аздық етеді. Дәрігерлік тәжірибенің биік шыңын бағындыру жолында аянбай еңбек ету-басты мақсаты екенін айтады.

АИДА ХАМИТОВА, РАХАТ САЛЕЕВ, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ