ДК: Арқаның құбылмалы ауа райы қыс бойы жұртты әуре-сарсаңға салатыны үйреншікті құбылысқа айналған. Синоптиктер аптаның ортасына дейін сақылдаған сары аяз болатынын айтады. Төтенше жағдай қызметі, жолға жауапты ұйымның мамандары тәулік бойы қалтқысыз кезекшілікте. Өткен демалыс күндеріндегі боранда облыстық және республикалық маңызы бар жолдардың 60-тан астам бөлігінде қозғалыс тоқтатылды. Жылыту пункттеріне жеткізілген 70-ке тарта адам ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.
РКС: Ауа райының күрт өзгеруі салдарынан оқыс оқиғалардың орын алуы да ықтимал. Жаппай жол-көлік оқиғалары да соңғы күндері көбейіп кетті. Астана-Петропавл бағытындағы тас жолда 9 автокөлік соқтығысқан. Полицейлер 34 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны ВАЗ 2109 автокөлігімен Chevrolet Cobalt машинасын қағып кеткен. Соның салдарынан өзге 7 көлік те жол-көлік оқиғасына тап болыпты. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Тек 19 бен 49 жас аралығындағы 2 жүргізуші мен 7 жолаушы «Авиценна Бурабай» медицина ұйымына жеткізілген.
СНХ: ҚАЙРАТ ҚАСЫМ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Жүргізушілердің тәртіпсіздікке бой алдырғанын ерекше айтқым келеді. Ескертулерге құлақ аспаған бірнеше жүргізушіге қатысты жергілікті полиция қызметінің мамандары әкімшілік шара қолданды. Кейбірін 15 тәулікке қамауға дейінгі жаза тағайындалды. Қазіргі уақытта барлық бағыт бойынша жол ашылды. Кептелісте тұрғаны көлік нөпірі жоқ. Ауа райы реттелді. Дабылды ескертулер түсіп жатыр, алдағы күндері ауа райы күрт суытады деген болжам да айтылуда.
РКС: Соңғы күндердегі түрлі ескертуге қарамастан жолға шыққан 1200-ге тарта автокөлік бекеттерде тұрып қалған. Кей жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
СНХ: ЛАРИСА ГОНЧАРОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КӘСІПОРНЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ИНЖЕНЕР-СИНОПТИГІ: Өткен тәулікте Ақмола облысы бойынша ауа райы тұрақсыз болды. Күндіз өңірдің оңтүстік аумағында күн күрт жылып кетті, облыстың өзге аймақтарында қатты жел тұрып, қар жауып, боран соқты. Түнде күрт суытып, ауа температурасы 27-34 градусқа дейін аязды болды. Алдағы үш күнде осы температура сақталады. Кей жерлерде сынап бағанасы 40 градусқа дейін жетеді. Аптаның соңына қарай аздап аяз сынады. Түнде 20-25, күндіз 13-18 градус шамасында суық болдаы деген болжам бар.
РКС: Бүгіннен бастап облыстың барлық мектебі қашықтан оқыту форматына көшті. Аязды күндерге байланысты білім ошақтары осындай шешімге келген. Төтенше жағдайлар қызметінен бөлек,, жолға жауапты ұйымдар, полиция қызметі мен жергілікті атқарушы органдар тәулік бойы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге күш салуда.
АИДА ХАМИТОВА, ӘЙГЕРІМ БЕГЕНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ