ДК: «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясына қарасты өңірдегі филиалдың жұмысына қатысты сын көп. Аталған мекеменің сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіліп, оның қорытындысы шығарылған. Сондай-ақ лауазымды тұлғалардың іс-әрекеті мен мемлекеттік органдардың актілеріне шағым жасаудың тәртібі де күн тәртібінде аса маңызды тұрған сауалдардың қатарында. Осындай ауқымды мәселелер облыстық кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында талқыланды.

РКС: Қазіргі таңда өзекті мәселенің бірі сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар. Бұл заңсыздықтар Қазақстан темір жолын да жайлаған. Заңнамада жол берілген олқылықтар сыбайлас жемқорлыққа жол ашып, қолайлы жағдай туғызады.

СНХ: АЙДОС ЖАҚИЯЛИН, ОБЛЫСТЫҚ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІ ЖЕТЕКШІСІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: Еліміздің көптеген өңірінде Қазақстан темір жолы қызметкерлеріне қатысты қозғалған қылмыстық істер қаралып жатыр. Ол тек қызметкерлердің арасында ғана емес, жол бөлімшелерінің сала басшыларына да қатысты. Сыбайлас жемқорлық әлеуетінің жоғары болу себебін түсіну үшін біздің қызмет Қазақстан Темір Жолында жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді.

РКС: Жұмыс қорытындысы бойынша кемшіліктерге ұдайы жол беріліп отырғаны анықталған. Бұл мәселеге қатысты тиісті ұсынымдар берілді. Ең алдымен вагондарды бөлуге қатысты бармақ басты көз қысты жағдай орын алып отырғаны және процесті автоматтандыруда жүйеліліктің жоқтығы айтылды. Жаңадан жиналған астықты тасымалдауға вагондардың жетіспеушілігі мәселесі жан-жақты сараланған. Биыл жағдай бұрынғыдан да қиындай түскен. Мамандар бұл сауалдың бүкіл еліміз бойынша күрделі мәселеге айналып отырғанын айтуда. Тағы бір атап өтерлігі, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына арыз-шағымдарды берудің кейбір тұстары жайында да сөз қозғалды.

СНХ: АЗАМАТ АЙМҰХАМЕДОВ, ОБЛЫСТЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Конкурс нәтижелерін заңсыз деп тану туралы талаптармен қоса осы негізде мемлекеттік сатып алулар туралы келісім-шартты да негізсіз деп тану талап етіледі. Мұндай арыз-шағымдар мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында бірлесе қарауға жатады. Заңсыз әкімшілік актілерді жойған кезде бұл актілердің заңдық тұрғыдағы салдарын заңсыз деп тану туралы шешім шығарылады.

РКС: Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодексіне сәйкес лауазымды тұлғалардың іс-әрекеті мен мемлекеттік органдар актілеріне шағым жасаудың тәртібін отырыс барысында мамандар баяндады. Заңгерлер мен адвокаттар тарапынан қойылған сауалдардың бәріне жауап берілді. Сонымен бірге кәсіпкерлер де арыз-шағым түсіруге қатысты кеңестер алды.

АИДА ХАМИТОВА, АЛЕКСАНДРА ГАУЭРТ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ