ДИКТОР: Жаңа оқу жылында Астрахан аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде спорттың 10 түрінен 500-ден астам өрендер жаттығу жұмыстарын бастады. Бапкерлердің негізгі мақсаты- балалар спортының бұқаралығын арттырып, биік жетістіктерге қол жеткізу. 

РКС: Соңғы жылдары бұл балалар спорт мектебінде ауыз толтырып айтарлық жетістіктер аз емес. Әсіресе гір тасын көтеру, еркін күрес, баскетболмен шұғылданушылар саны артып, жеңістен жеңіске жетуде. 

СНХ: ӘЛІБЕК БАЙМАҒАНБЕТОВ, АСТРАХАН АУДАНДЫҚ БАЛАЛАР СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:  Соңғы кездері ауданымыздың гір тасын көтерушілері үздік нәтижеге жетуде. Мәселен Жалтыр станциясының №2 орта мектебінде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Бақтияр Жұмабеков жемісті еңбек етуде. Оның шәкірттері Карина, Жангүл, Вилина Богдасарова, Жамбыл Оспанов Азия чемпиондары атанды. Өзге де шәкірттері ел намысын лайықты қорғап жүр. Балалар спорт мектебінде бүгінгі таңда проблема да жеткілікті. Қаржыландыру мәселесі жылдан жылға қысқарып барады. Көптен бері спорт құрал-жабдықтарын алған жоқпыз. Осының бәрі балалар спортын дамытуға кері әсерін тигізеді. Шебер спортшыларды дайындап шығаруға бапкерлеріміз сақадай сай әзір. Тек қана бізге қаражат қажет. Қалғанын өзіміз шешеміз.  

РКС: Астрахан ауданында еркін күрестің шеберлері желкілдеп өсіп келеді. Оларды облыстық, республикалық жарыстардан жиі көруге болады. Жаңа оқу жылын балауса балуандар жеңіске деген үмітпен бастап кетті. 


РКС: Футбол үйірмесіне қатысушы балалар саны жыл озған сайын артып келеді. Оларды теңбілдеп тебуге білікті бапкер Мейрам Тегінбаев үйретіп, сан алуан жарыстарға апарып жүр. 

СТЭНД-АП: ҚАЛЫМБЕК МҰХАМЕДЖАНОВ, ТІЛШІ  (Қазақ балаларының доп тебуі қуантады. )

РКС: Астрахан аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бірнеше филиалы жұмыс істейді. Солардың бірі-Жалтыр станциясындағы еркін күреспен гір көтеру спортының дамытуға үлес қосып жүрген ізденімпаз ұстаз-жаттықтырушы Бақтияр Жұмабековтың тынымсыз еңбегін атап өткен жөн. Өкінішке орай ол да әлемдік деңгейдегі жарыстарға қаржы таба алмай, демеуші іздеуден жалыққан сынайлы. Демек балалар спортына бетбұрыс қажет. 

ҚАЛЫМБЕК МҰХАМЕДЖАНОВ, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, «КӨКШЕ АҚПАРАТ»