ДИКТОР: Қыркүйектің 15-інде елімізде емханаға тіркеу кезеңі басталды. Екі айға созылатын дәстүрлі науқан қарашаның 15-інде аяқталады. Басқа емханаға ауысу үшін не істеу керек? Оның тәртібі қандай? Тілшіміз Ұмсындық Наурызбаева баяндайды.  

РКС: Тұрғындар екі ай аралығында еркін түрде емхана таңдай алады.  Науқан кезінде азаматттар өзі тұратын аумақ шеңберіндегі мемлекеттік қана емес, жекеменшік клиникаларға да тіркеле алады. Басты шарт- емхана медициналық сақтандыру қорының жеткізушілер тізімінде болуы тиіс. Ал науқан басталды екен деп, емхана ауыстыру міндетті емес. Медициналық көмектің сапасына көңілі толатындар сол мекемеде қала алады. 

СНХ: ТОҚТАР ҚОҢЫРБАЕВ,  ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ЕМДЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ОРЫНБАСАРЫ:  Емханаға тіркелудің 3 түрлі жолы бар. Біріншісі-халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы тіркеуге өтініш беру. Екіншісі-емхананың тіркеу бөліміне хабарласу. Үшінші жолы, тіпті, оңай. Азаматтар үйден шықпай-ақ, кез-келген емханаға егов порталы арқылы тіркеле алады.  

РКС: Тіркеу науқаны кезінде өтініш бергендер басқа емханаға бірден ауыса алмайды. Ол тек келер жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. 

СНХ:ЗӘУРЕШ БАПАНОВА,  РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЭЛЕКТРОНДЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ОРТАЛЫҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Емханаға тіркеу аумақтық негізде жүзеге асырылады. Бұл бүкіл отбасына бір жерден медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кейбір жағдайларда емхана тіркеуден бас тартуы мүмкін. Ол жалған ақпарат берілген кезде немесе пациенттің тұрғылықты мекенжайы емхананың қызмет көрсету аймағынан тыс жерде орналасқандығы анықталған уақытта орын алады. Сонымен қатар бекітілген тұлғаның заңды өкілдігін растайтын құжат болмған кезде емханаға тіркеуден бас тартуы мүмкін.

РКС: Биыл әлеуметтік сақтандыру қорымен 600-ден астам медициналық санитарлық алғашқы  көмек көрсету ұйымы келісім-шартқа отырған. Оның 400-ге жуығы мемлекеттік мекеме болса, қалғаны жеке клиникалар.  

ҰМСЫНДЫҚ НАУРЫЗБАЕВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, «КӨКШЕ АҚПАРАТ»