ДИКТОР:Өңірде «Халық заңгері» атты жалпыреспубликалық акция өтті. Онда заңгерлер, адвокаттар мен мемлекеттік орган өкілдері тұрғындарды қызықтырған сауалдарға жауап беріп, заң тұрғысынан көмек көрсетті. 

РКС: Гүлнәр Сәбитова- Көкшетау қаласының тұрғыны. Ол осы жерге ағасының мәселесімен келіпті. Бүгінде заңгерлермен ақылдасудың өзі қымбат. Осындай тегін кеңес беру алаңы жиі ұйымдастырылып отырса,-дейді ол. 

СНХ: ГҮЛНӘР СӘБИТОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Менің ағам бір үйде 30 жыл тұрды. Алайда, үйленгеннен кейін оны сатып, әйелі екеуі пәтер алды. Енді олар ажырасып жатыр. Оның жұбайы да үйді бөліп алығысы келеді. Ол пәтерді ағам өз ақшасына сатып алды. Оны неге бөлуі тиіс? Міне, мен бүгін осы мәселе бойынша келгенмін. Заңгерлерден кеңес алдым. Енді қайда барып, не істеу керек екенін білемін.  

РКС: Тұрғындарды мазалаған сұрақтар да әртүрлі. Біреуі азаматтық, ал енді бірі қылмыстық іс бойынша ақылдасуға келген. Көбіне адамдар құқықтық жанжал туған кезде өзін қалай қорғау керек екенін, неден бастайтынын білмейді. Осы тұста «Халық заңгерінің» баға жетпес көмегі қажет.

СНХ: ЖӘМИЛА НҰРЖАНОВА, ЗАҢГЕР:  Біз келген адамдардың барлығына кеңес бердік. Оларды мазалаған сұрақтар да әртүрлі. Бірі мүлікті бөлу проблемасын айтса, енді бірі жер мәселесі жайлы ақылдасу үшін келіпті. Біз барлық ақпаратты бердік. Алдағы уақытта не істеуге болатынын түсіндірдік. Кейбір мәселені екі жақ келісімге отырып шеше алса,кейбір жағдайда сотқа бару керек. Осының ара-жігін айтып, көрсеттік. 

РКС: Көбіне халық өздерінің құқығын толық білмей жатады. Бүгінде ондай жандарды арбап кететіндердің де саны артқан. Мәселе өзекті. Заңның қыр-сырын білмейтіндер ақыр-аяғында жапа шегіп жатады. Сондықтан, олардың құқықтық сауатын арттыру қажет,-дейді сала мамандары. 

СНХ:АРМАН РАХЫМОВ, ОБЛЫСТЫҚ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: Тұрғындар кез-келген сұрақтармен жүгіне алады. Бүкіл мемлекеттік органдардың өкілдері бар. Акцияның негізгі мақсаты-халықтың мұң-мұқтажына салғырт қарамай, олардың проблемаларын шешу. Сондай-ақ, бұл науқан мемлекеттік органдардың ашықтығына бағытталған.  

РКС: «Халық заңгері» акциясы осымен алтыншы рет ұйымдастырылды. Айта кету керек, бұл науқан еліміздің барлық қалаларында өтеді.    

ҰМСЫНДЫҚ НАУРЫЗБАЕВА, ДАНИЯР ЖҰМАҒЫЛОВ, «КӨКШЕ АҚПАРАТ»