Сол өңірдің тумасы Шәймерден Қосшығұлұлы Науан Хазірет медресесін тәмамдаған. Ұстаз бола жүріп көптеген қоғамдық, саяси істерге белсене араласқан жан.
1874жылы Қоғамға жақын,Балықты елдімекенінде дүниеге келген Шәймерден Қосшығұлұлы жастайынан білім-ғылымға құштар болған. Сол өңірде мектеп ашып, игі істер жасаған. Патшалық Ресейдің 1ші және 2ші Дума депутаты болып сайланған қазақ зиялысы, дін жанашыры азаттықты аңсады, ұлты үшін күресті. Алайда әділетсіздікке тап болып, абақтыға қамалады. 1932 жылы Омбы қаласында көз жұмады. Көп жылдар бойы жерленген жері де белгісіз болған екен.
Білім күнімен тұспа тұс келген қос қуаныш қоғамдықтарды шаттыққа кенелтті. Тас тұғыр Қоғам ауылында туған туыстарының бастамасымен бой көтерді. Қаржылай қолдаған да өздері. Биіктігі 3 метрге жететін жобаның авторы мүсінші Манарбек Бұрмағанов.
Ер есімі елі есінен ешқашан ұмытылмақ емес. 2007 жылы дәл осы білім ордасына қайраткердің есімі берілген болатын. Ал 2008 жылы Көкшетау қаласында, жуырда ғана Астана қаласының хақ төріндегі көшеге Шәймерден Қосшығұлұлының есімі берілді. Сонымен қатар алаш қайраткері жайында тарих ғылымының докторы Өмiрзақ Озғанбайдың «Рух күрескерi» атты кiтабы жарық көрді.