ДИКТОР: Жыл басынан бері елде 12 мыңға жуық интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Келтірілген шығын көлемі 7 миллиард теңгеге жуықтайды. Айлакерлер қарапайым халықтың қалтасын қағу үшін түрлі қулыққа барады. Біреуі банк қызметкері болып әрекет етсе, енді бірі ол үшін түрлі қосымшаны да пайдаланады екен. Өңірде де алаяқтардың арбауына түскен тұрғындар аз емес.
РКС: Жыл басынан бері өңірде интернет-алаяқтықтың 400-ден астам жағдайы тіркелді. Алайда, сала мамандары бұл қылмыстың ауыздықталып жатқанын айтады. Өткен жылмен салыстырғанда айлакерлердің арбауына түскендердің саны 40 процентке аз. Тәртіп сақшылары бұл бағытта бірқатар шараны қолға алған. Солардың бірі-халықпен тікелей байланысқа шығу. Яғни, полиция қызметкерлері тұрғындармен әңгімелесіп, дүкендерге, көшелерге баннерлер іледі. Онда интернет-алаяқтықтан сақтану жолдары көрсетіледі.
СНХ: ЕРМЕК МАНАТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ КРИМИНАЛДЫ ПОЛИЦИЯСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ: Өткен жылы интернет-алаяқтықтың 670 жағдайы тіркелген. Биыл бұл көрсеткіш төмендеді. Тәртіп сақшылары тек ірі қалаларда ғана емес, ауыл-аймақтарда қарқынды жұмыс істейді. Керек ақпаратты әлеуметтік желілерде де жариялаймыз. Айлакерлер тұрғындарға көбіне полиция немесе банк қызметкері ретінде хабарласады. Сосын сол адамды сөзге тартып, ақпарат жинай бастайды. Ақыр аяғында оның атынан онлайн несие алып, білгенін істейді.
РКС: Бұл алаяқтарың жалғыз жолы ғана емес. Олар қарапайым халықты алдау үшін түрлі айла-тәсілге барады. Бүгінде жалдайтын пәтер таппай жүргендердің қалтасын қағып кетушілердің саны артқан. Олар біріншіден арзан бағадағы пәтерді жалға беремін деп хабарлама береді.Әрі қарай үйдің алғашқы жарнасын сұрайды немесе агенттіктің базасын ұсыну арқылы ақша талап етеді. Оған сенген халық айлакердің арбауына қалай түскенін байқамай да қалады.
ҰМСЫНДЫҚ НАУРЫЗБАЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, «КӨКШЕ АҚПАРАТ»