ДИКТОР: Тәуелсіздік алысымен елге оралған қандастар сан-саланы дамытуға өзіндік үлесін қосып келеді. 1991 жылы табаны қазақ еліне тиген Кенжебай Смағұлқызы ұлттық қолөнерге қайта қан жүгіртіп, тоқыма тоқудан Ақмолаға танымал болды.  70 -тен асса да, көрме мен байқаулардың бас жүлдесін бермей келе жатқан шебермен әріптесім Айсәуле Съезбек тілдесіп қайтты.

РКС: Анасының етегіне жармасып жүріп, жастайынан кесте тігу, сырмақ ою, ши орау, кілем тоқуды меңгерген Кенжебай Смағұлқызының қолөнерден қол үзбей келе жатқанына биыл тура 50 жыл. Бүгінде Көкшетау мен Солтүстік Қазақстанның барлық музейлерінде Кенжебай апайдың қолынан шыққан туындылар көп. Тәуелсіз ел тарихындағы маңызды оқиғалардың қай-қайсысына болмасын, қолөнеріммен өзіндік үлес қостым, - дейді шебер.

СНХ: КЕНЖЕБАЙ СМАҒҰЛ, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ:   Мен Қазақстанға  1991-ші жылы Абай атамыздың киіз үйін жасауға келдім командировкамен. Сондағы ою-өрнегінің барлығын мен жасадым. 7 кісі келдік. Бірнеше киіз үй жасадық. 5 айдай жұмыс істеп қайттық. Бірақ ол емес мені қызықтырған. Мені не қызықтырды десеңіз,  балаларымның өсіп келе жатқаны, ержетіп келе жатқаны еді. Бұлар өзінің қазақ еліне, қазағының ортасына келсін деген идея болды. Әйтпесе, мен Монғолияда жаман болғам жоқ. Ең төрінде жүрдім. Олай мақтануға да келеді.  Келгенімізде қарсы алды.  Біз разымыз.   

РКС: «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» демекші, Кенжебай апа жасында саяси қызметке де араласыпты. Отанға оралған соң, қолөнердің қазығын мықтап қағуды қолға алып, шәкірт те тәрбиелеген. Зейнетке шықса да, қазірдің өзінде жоғары оқу орындарына барып, арнайы шеберлік сабағын өткізіп отырады екен.

СНХ: КЕНЖЕБАЙ СМАҒҰЛ, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ:   Қол кілем де тоқыдым. Жай сурет емес, адамдардың портретін тоқитынмын. Атап айтсам, Назарбаев ағамыздың сурет тоқыған жерім бар. Қаншама министрлердің суретін тоқыдым. Абылай ханның, Қаныш Сәтбаевтың да портреттерін тоқыдым. Бір кезде бұл маған тамақ болды. Балаларымды оқытуға көмек жасады, шынын айтайын. Бір жазы бизнес болды. + Қаншама оқушыларға үйреттім. Еңбек мұғалімін істедім. Пенсияға дейін қаншама бала тәрбиеледім.  

РКС: Қас шебер әлі де болса қоғамдық жұмыстан алыстамаған. Жақында ғана ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Менің Қазақстаным – менің Отаным» қолөнершілер байқауында бас жүлдені қанжығалады.

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, САБЫР ШЕРИЯЗДАНОВ, ФАРХАД ЕСМАҒАМБЕТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ