14-ші маусым – бүкіләлемдік донорлар күні. Бұл мереке әлем елдерінде 2005-ші жылдан бері тойланып келеді. Сол жылы Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы маусым айында донорлар күнін атап өту туралы шешім қабылдаған болатын. Айтулы мереке күні Ақмола облыстық қан орталығының мамандары мерекелік іс-шара өткізіп, өңірдің белсенді донорларын марапаттады. Дүние жүзінің әрбір үшінші тұрғыны өмірінде кем дегенде бір рет қан құйдыртуға мәжбүр болады екен. Сондықтан да, қазіргі күні донорлардың көп әрі белсенді болғаны аса маңызды. Жалпы, ауыр жарақат алған жағдайда, қан аурулары, оның ішінде қан жоғалту, ота жасату және жоғары дәрежедегі күйік шалған сәтте көбінесе донорлардың көмегіне жүгінуге тура келеді. Биыл дүние жүзіндегі қан құю орталықтары төтенше жағдайларда ауыр жарақат алған жандарды басты назар алып отыр. Себебі, әлемде жылына 250 млн. адам түрлі апаттардың салдарынан қаза табады екен. Мерекелік шарада Ақмола облысының белсенді донорларына құрмет көрсетілді. Бірнеше жыл қатарынан адам өмірін арашалап қалу үшін қан тапсырып, денсаулық сақтау саласына өзіндік үлестерін қосып жүрген 11 ақмолалық азамат биыл алғаш рет Денсаулық сақтау Министрлігінің арнайы төс белгісімен марапатталды. Сонымен қатар, тағы 7 донор облыстық қан орталығының Құрмет Грамотасына ие болды. Салтанатты шарада ақмолалық жас өнерпаздар донорлардың құрметіне арналған концерттік бағдарламаны көрермен назарына ұсынды. Айта кетейік, қазіргі күні Ақмола облысында 500-ге жуық тұрақты донор бар. Олардың көмегімен соңғы 5 айда 3894 рет қан құю процесі өткізілген. Мамандардың айтуынша, ерікті түрде қан тапсыруға келетіндердің қатары да жыл санап артып келеді.
Нұргүл Нұрбайқызы