Ағымдағы жылдың бес айында Ақмола облыстық перинаталдық орталығында екі мыңнан астам сәби өмірге келді. Мамандар өңірде бала туу көрсеткішінің жылдан-жылға артып келе жатқандығын айтады. Перинаталдық орталықта жылына төрт жарым-бес мың бала дүниеге есігін ашады екен. Мәселен, өткен жылы облыс тұрғындарының қатарына тағы төрт мыңдай сәби қосылды. Жалпы, өңірдегі қазіргі демографиялық ахуал қандай? Бұл сұраққа әріптесім Нұргүл Нұрбайқызы жауап іздеп көрді. Надежда Бараник – жас аналардың бірі. Ол 12-ші маусым күні өзінің тұңғыш сәбиін өмірге әкелді. Қуанышында шек жоқ. 23 жастағы ана өз отбасымен бірге бөбектің дүниеге келгенін асыға күтті. Айтуынша, тұңғышы болғандықтан, босанар кезде біраз қиналған. Дегенмен, дәрігерлердің ақыл-кеңесі көп көмегін берді, - дейді өзі. Сол күні Көкшетау қаласының 21 жастағы тұрғыны Анна Колесникова да алғаш рет ана атанды. Толғағы қысып, шұғыл түрде перинаталдық орталыққа жеткізілген ол көп ұзамай шекесі торсықтай ұл баланы өмірге әкелді. Қазір ана мен сәбидің жағдайы жақсы. Арнайы палатаға шығарылған. Енді бірер күнде үйлеріне жіберілмек. Айта кетерлігі, біздің түсірілім топ перинаталдық орталыққа келген мезетте, бірден алты сәбидің өмірге келгені белгілі болды. Ал, мамандар болса, бұл қалыпты жағдай деп отыр. Себебі, орталықта тәулігіне кем дегенде 15-20 бала дүниеге есігін ашады екен. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Ақмола облысындағы тұрғындардың саны 746 мың 52 адамды құрайды екен. Оның 385 мыңнан астамы әйелдер, қалған 360 мыңдайы ер адамдар. Мамандардың айтуынша, жалпы 2011-2015 жылдардың аралығында өңірде 65 мыңға жуық сәби өмірге келген.
Нұргүл Нұрбайқызы