Ас ішегі  ағзаның сыртында орналасқан сәби білікті ақмолалық дәрігерлердің дер кезінде  ота жасауының арқасында аман қалды. Атап өтейік, ағымдағы жылдың 6-шы сәуірінде Степногорск қаласындағы перинаталдық орталықта  асқазан ішек жолдарында туа салды ақауы бар нәресте дүниеге келген болатын. Ғылыми тілмен айтқанда бұл диагноз гастрошизис деп аталады. Бір ай жарым өмір мен өлім арасында арпалысқан нәрестенің қазіргі  жағдайы жақсы. Тіпті үйге шығуға дайындалып жатқан көрінеді. Гастрошизис дегеніміз - сәбидің алдыңғы қабырғасы  болмауынан құрсақ қуысындағы мүшелердің  сыртқа шығып қалуы.  Болжам бойынша, бұл диагноз  әлемдегі он мың баланың бірінде кездеседі.  Степногорлық ата-анада мұндай жағдайдың боларын білген жоқ. Ультрадыбыстық зерттеуде де көрсетілмеген.  Нәресте дүнеиеге келісімен   сол күні Көкшетаудан санитарлық  авиациямен дәрігерлер барып бірден ота жасады. Ішектерді  іш қуысына енгізген. Бұл отаны жедел жасамаса баланың сыртқа шығып қалған ішектері кеуіп,  сәби өліп кетуі де мүмкін еді. Ақ халаттылардың жедел шара қолдануының арқасында нәрестенің жағдайы жақсарып келеді.  Кішкентай Сергей  Евгения Ақаеваның қызынан кейінгі екінші сәбиі. Дәрігерлердің айтуынша, қазір оған  төніп тұрған аса қауіп жоқ. Бар болғаны педиатрдың қатаң бақылауында болуы керек. Нәресте жасанды сүтпен тамақтанады. Салмақ қосып жатыр. Ішегі де қалыпты жұмыс істеп тұр. Бұл Ақмола облысындағы тұңғыш жағдай емес. Дәрігерлердің айтуынша, соңғы он жылда  кездескен төртінші оқиға.  Өкінішке орай алдыңғы 3 нәресте шетінеп кеткен. Ақаудың пайда болу себебі генетикаға байланысты және ана денсаулығының да әсері бар - дейді мамандар.

Раушан Сайлауқызы, Данияр Жұмағұлов