Ақмола облысы еліміздегі қатерлі ісік ауруы өршіген өңірлердің бірінен саналады. Бүгінде аймақ бойынша 8 мыңнан аса адам қатерлі ісік дерті бойынша есепте тұр. Жыл сайын онкологиялық дертке шалдыққан екі мыңға жуық науқас анықталады. Әсіресе соңғы кездері әйелдер арасында аталмыш дерттің белең алып отырғандығы осы сала мамандарын алаңдатуда. Аурудың алдын алу мен дертті ерте кезден анықтау мақсатында облыстың акушер-гинекологтары үшін 5 күндік семинар ұйымдастырылды. Толығырақ Бибінұр Әмірханқызының бейнематериалында.

Қатерлі дертке шалдыққан науқастарды емдеуде және аурудың алдын алуда жаңа инновациялық әдістер қолданылады. Бұл бағытта облыстық онкологиялық диспансерде қажетті деген құрылғылар мен қондырғылар баршылық. Тек кәсіби біліктілігі шыңдалған, мамандандырылған дәрігерлердің жеткіліксіздігі осы мәселені шешуге қолбайлау болып отырғаны байқалуда. Сондықтан  қатерлі ісік ауруын ерте кезден анықтау ісіне аудан мен ауыл дәрігерлерін тарту ісі қолға алынып отыр. Ол үшін қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің оқытушылары арнайы семинарлар мен курстар ұйымдастыруда.

Өткен 3 айда облысымызда 393 адам қатерлі ісік ауруларымен тіркеуге алыныпты. Десе де, өткен жылдармен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 5,6 пайызға төмендеп отыр. 

Қатерлі ісік ауруларына шалдыққан адамдар көп дегенде бес-алты жыл сырқатына мән бермей жүруі мүмкін. Бірақ, дәрігерге қаралмаса, ауруы асқынып, соңы қайғылы жағдайға әкеп соқтырып жататындығы да ащы шындық. Сондықтан, әркім өз денсаулығына жіті мән беріп, маман дәрігерлерге жиі тексеріліп тұрғаны абзал,-дейді дәрігерлер.

Бибінұр Әмірханқызы, Бауыржан Смағұлов