Азық-түліктің  сапасы анықталды. Тұрғындардың қан қысымы мен дене салмағын өлшеуіне  мүмкіндік берілді. Дәл осындай шарапатты шара орталық базар маңында өткізілді. Екі күнге ұласқан акция "Мүмкіндікті пайдалан" деп аталады. Бастама жасап отырған тұтынушылардың құқығын қорғау және  салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы.

"Орталық базар" ғимаратында сатып алынған азық-түліктердің сапасын тексеру мақсатында мамандар  бірқатар өнімдерге сараптамалық-тексеру жұмыстарын жүргізді. Бір жақсысы, сапа нәтижесі бірден шығарылады.  Зерттеуге ниет білдіргендердің саны өте көп. Базардағы сатушылардың бірі Ольга Светличная да өнімдердің сапалылылығына күмәнмен қарайтынын жасырмады. Бүгінде өндірушілердің сапаға емес санға назар аударатыны жасырын емес. Жуырда ғана шұжық өнімдерінен қауырсын шыққаны да сөзімізге дәйек бола алады.  Сондықтан да сатушы  Щучинск және Тараз қаласында өндірілген шұжық өнімін тексертті.  Ал Михаил Дорбазанов сатып алған қияр өнімін зерттеуден өткізуді жөн көрді.

Азық-түлік өнімдерінен өзге, жеміс-жидек, көкөніс, тіпті суға да тексеру жұмыстары жүргізілді.  

Сондай-ақ базар маңына жиналған қауым қан қысымдары мен дене салмағын өлшеуге мүмкіндік алды.   

Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы мамандарының айтуынша, гипертония яғни қан қысымының жоғары болуы қазір жергілікті халық арасындағы күрделі мәселе. Бүгінгі көмекке жүгінгендердің көбі - бұрыннан диспансерлік тіркеуде тұрғандар. Әрине, арасында денсаулығына өзгеріс түскен жастар да болды. Орталық мамандары олардың жедел дәрігерге  қаралып, кезекті нұсқаулықтарды орындау керектігін ескертті.

Раушан Сайлауқызы, Әсель Әутәліпова, Бауыржан Смағұлов