Дәрі бағасының шарықтауы – бүгінде жасы мен әлеуметтік жағдайына қарамастан, азаматтардың барлығы тап болатын аса өткір мәселелердің бірі. Ал, әзірге мемлекет заңнамалық тұрғыдан Қазақстан нарығындағы дәрі-дәрмектердің тек 54 пайызының бағасын бақылай алады. Қалған 46 пайызы еркін айналымда. Десе де, уақыт өте келе, бұл жағдай өзгеруі мүмкін. Өйткені, елімізде жаңа ведомство құрылып, сондай-ақ, бірқатар заңнамаларға өзгерістер енгізілмек.

Көкшетау қаласының тұрғыны Елена Максимова бүгінде ауырса қалсаң, оның қымбатқа түсетінін жақсы біледі. Ол ұзақ жылдар бойы егде жастағы туысын қолына алып, күтіп жасап келеді. Айтуынша, қолына тиетін зейнетақысының басым бөлігі оның дәрі-дәрмегіне жұмсалады екен.  

Мемлекет басышысы өзінің Жолдауында Қазақстан нарығындағы дәрілердің бағасына заңнамалық тұрғыдан бақылау енгізу туралы нақты тапсырма берген болатын. Оны дәрігерлер де құптап отыр. Көкшетаулық медицина қызметкерлерінің айтуынша, дәрі-дәрмек нарығы көптен бері өзгерісті қажет етіп келеді. Мәселен, бүгінде бірегей дәрі жеткізуші болып есептелетін СК-Фармацияға дәрігерлердің қоятын сұрақтары көп. Бірақ, ол – басқа тақырып.    

Ағымдағы жылы елімізде қайта құру жолымен Қазақстан Республикасы Денсаулық Сақтау Министрлігінің Фармация комитеті атты жаңа ведомство құрылды. Жақында оның өкілдері қымбат дәрі-дәрмектермен күресуге қатысты өздерінің ұсыныстарын айтты. Олардың пікірінше, елімізде рецепт беру жүйесін автоматтандыру және дәрілердің бағасы көрсетілген бірыңғай республикалық сайт құру қажет.  

Нұргүл Нұрбайқызы, Индира Тегжанова, Василий Вережников.