Ақмола облысындағы мектептегі медициналық қызметкерлер білім беру жүйесінен денсаулық сақтау саласына толығымен ауысты. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл басынан бері жүргізілген. Аталмыш қадам шаруаны ширатады деп күтілуде. Денсаулық сақтау ұйымдары медициналық қызметкерлердің жұмысын қадағалайды, байланыс күшейеді. Мектеп мейірбикелері жаңашылдықтардан әрдайым хабардар болады. Бұл - өзгерістің басты себептері.
Татьяна Беньковская Көкшетау қалалық емханасының мейірбикесі. Жұмыс орны нөмері 17 орта мектепте, яғни оқушылардың денсаулығын қадағалайтын маман білім ордасының емес, денсаулық сақтау мекемесінің есебінде. Оның айтуынша, міндет сол баяғы. Балалардың денсаулығын қарау. Өзгергені жұмыс жүйеленеді, - дейді ол.
Медициналық қызметкерлерді денсаулық сақтау саласына ауыстыру үшін арнайы жұмыс тобы құрылған. Олар білім ошақтарында қызмет етіп жүрген мейірбикелердің санатын, сертификатын тексерген. Медициналық бөлмелердің талапқа сай келу де қаралыпты.
Жұмыстар әлі де жалғасуда. Жақын арада мектептегі медициналық мүліктер емханалардың есебіне қойылмақ. Сондай-ақ, оқу орындарына лицензия беру жүргізіледі. Себебі денсаулық сақтау саласына өткен 567 мектептің 131-інде тиісті құжаттар жоқ екен.
Ермек Елберген