Зеренді ауданының Алексеевка селосында тұратын 12 жасар Анастасия Лакомкинаға диагнозын анықтау үшін Мәскеуге бару қажет. Себебі отандық дәрігерлер қыздың дертін дөп басып айта алмай отыр. Бірнеше сараптама жасалынғанымен нәтижесіз. Қазір ол инсулиннің көмегінсіз өмір сүре алмайтын халге жеткен.   Анастасия Лакомкина сырт көзге қатарластарынан еш ерекшеленбейді. Оның сырқаты ішінде. Қандағы қант деңгейі тұрақсыз. Бірде жоғары, бірде төмен. Ауытқуы кенеттен әрі  жиі болады екен. Сондықтан әрдайым жақындарының жанында. Қанттың құбылуынан қыздың ағзасы ақырындап азып жатыр. Анастасия мен жақындарының әр күні қорқынышқа толы.

Тиісті сынамалар Көкшетауда да, Астанада да тапсырылыпты. Сараптама Алматыға да жіберілген. Бірақ, әлі ешкім аурудың себебін дөп басып айта алар емес. Мамандар Мәскеуге баруға кеңес беріпті.

Мәскеуге барып, анализдер тапсыру үшін кем дегенде 3 миллион теңге керек. Мейірбике болып істейтін жалғыз басты ана бұл ақшаны жинауға қауқарсыз. Сондықтан көпшіліктен көмек сұрайды. Настяға кез-келген жан демеу бола алады. Ол үшін экрандағы есеп-шопқа мүмкіндігіңіз жеткен, көңіліңіз қалаған қаржыны аударсаңыз жеткілікті. 

Ермек Елберген, Сабырбек Құлатайұлы