Бүгінгі күні облыс орталығындағы ауруханааралық дәрілік қоймада өңір тұрғындарына қажетті дәрі-дәрмектердің екі айлық қоры бар. Бұл жөнінде Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары мәлімдеді. Айтуларынша, жалпы әлеуметтік маңызды препараттар үздіксіз жеткізіліп тұрады. Қазіргі таңда медициналық мекемелердің сұранысына орай, дәрілерді қалалық емханаларға, аудандар мен ауылдарға жіберу жұмыстары жүргізілуде.
«Басы ауырып, балтыры сыздаған» облыс тұрғындары енді дәрі-дәрмектен таршылық көрмейтін болады. Қазіргі күні ауруханааралық дәрілік қоймаға халыққа қажетті препараттардың барлығы жеткізілген. Олар негізінен артериялық гипертония, жүрек-қан тамырлары аурулары, демікпе, сондай-ақ, органдарды ауыстырғаннан кейінгі ауруларға, бірінші және екінші типтегі қант диабетіне, психоневрологиялық аурулар мен эпилепсияға арналған. Жалпы, биылғы жылы облыс тұрғындары үшін дәрі-дәрмектің екі жүзге жуық түрі сатып алынған. Енді олар сұранысқа орай, жыл бойына медициналық мекемелерге жіберіліп тұратын болады.
Нұргүл Нұрбайқызы, Дархан Сағын