Атбасар ауданындағы денесінің 80 пайызын күйік шалған 3 жасар сәби таңғажайып тәсілмен аман қалды. Оны ажал аузынан арашалап қалған - облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері. Қазнұртас Қазыбекұлы тері ауыстыруға байланысты жасалған үш бірдей отаны сәтті өткерді. Жақында ауруханадан шығатын сәбидің өміріне енді ешқандай қауіп жоқ дейді дәрігерлер.
Оқиға өткен жылдың 29-қарашасында болған. Үш жасар Қазнұртас ойнап жүріп қайнап тұрған суы бар ыдысты үстіне құлатып алған. Сәби ауыр халде облыстық ауруханаға жеткізіледі. Денесінің сексен пайызы күйіп, оның жартысы тереңге бойлаған. Бір жарым ай көлемінде дәрігерлер баланың өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Қуанышқа орай оның ағзасы емді жеңіл қабылдаған. Терісінің зақымданған бөлігін қалпына келтіру үшін Қазнұртасқа аутодермопластиканың бірнеше емдеу шаралары қажет болды.
Дәрігерлердің айтуынша Қазнұртас сынды емделушілердің саны артып келеді. Мәселен, жақында ғана Жарқайың ауданынан денесінің 50 пайызын күйік шалған бір жарым жасар сәби ауруханаға түскен. Қазір ол ауыр халде жан сақтау бөлімінде жатыр. Аурудан айыққан күннің өзінде айтулы жарақаттар кейін де сыр беретіндігін айтады мамандар. Ол баланың тәнін ғана сыздатып қоймай, жүйке жүйесіне әсерін тигізіп, тіпті ішкі мүшелерін де зақымдайды. Сондықтан ақ халаттылар ата-аналарды балаларын көзден таса қылмай, қауіп-қатерден сақтауға шақырады.
Айгүл Мырзағалиқызы, Дархан Сағын