Көкшетаудың емханаларындағы кей дәрігерлер демалысқа қарамай жұмыс істеуде. Себебі, эпидемиялық ауру тиылмай тұр! Мәселен, жыл басынан бері облыста 3 жарым мыңнан аса адам жедел респираторлық-вирустық инфекцияға шалдыққан. Мұның жартысынан көбі 14-жасқа дейінгі балалар. Сондықтан қазіргі таңда ақ халаттылар науқастарды сенбі-жексенбі де қабылдай береді.    

Мадиярдың ауруханада жатқанына бір аптаның жүзі болды. Әуелде дене қызуы 38-ге дейін көтеріліп, әлі кетіпті. Содан анасы жедел-жәрдем шақырған. Бірақ, баланың температурасы бірді-екілі уколға басыла қоймаған. Сосын, осында жатып ем қабылдауға тура келіпті.  

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде! Сол себепті қазір аймақтағы тәрбиелеу, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында эпидемияға қарсы профилактикалық жұмыс күшейтілген. Ақ халаттылар аталған дерттің енді белең алатын шағы деседі. Сондықтан емханадағы кезекші дәрігерлер мен педиатрлар сенбі-жексенбіге қарамай жұмыс істеуде.

Қорғанбек Қонысбайұлы, Данияр Жұмағұл