Қоғамда ең көп тараған дерттің бірі - маскүнемдік. Қазіргі таңда өңірдің 10 мыңға жуық ішімдікке салынған адам арнайы есепте тұр. Соның ішінде, әйелдер саны 2 мыңнан асып жығылса, 30-ға жуығын жасөспірімдер құрайды. Ақмола өңірі маскүнемдіктің көрсеткіші бойынша республикада 3-ші орында тұр. Ал, өңірдегі қылмыстың 80 пайызы  осы ішімдікке тойып алғандардың қолымен жасалатын көрінеді. Ішімдікке құмар 462 адам соттың шешімімен арнайы емдеу мекемесіне мәжбүрлі түрде жіберілген.

Осыдан 25 жыл бұрын ішімдіктің дәмін алғаш татып көрген Игорь Соснин маскүнемдіктің қармағына қалай ілінгенін сезбей де қалған. Отбасының ойранын бұзған ащы суды үзілді-кесілді қоюға бел буып, өз еркімен талай мәрте емделген. Алайда, көп ұзамай-ақ бұрынғы әдетіне қайта басқан.

Ащы судан арылуға ниет еткендер мен ерік-жігері жоқтарды оңалту орталығында білікті дәрігерлер толығымен сауықтырудың озық әдістерін пайдаланып, емдеу шараларын жүргізеді.

Бір өкініштісі, өңірде маскүнемдікке салынған жеткіншек ұрпақ та бар. Мамандардың айтуынша, өткен жылы ішімдікке құмар 14 жасқа дейінгі 3 балғын есепке алынған. Тәрбиенің тал бесіктен басталатынын ескерсек, мұндай жағдайдың орын алуы шынымен бүгінгі қоғамды ойландырса керек-ті.

А. Мырзағұл, П. Соловьев, А. Балберген