Ақмола облысының жалпы білім беретін орта мектептерінде ерекше қажеттіліктері бар 2 жарым мыңнан аса бала білім алуда. Оның 1800-ден астамы инклюзивті оқытылуда. Яғни, бүгінгі таңда білім беру мекемелерінде инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға байланысты біршама жұмыстар атқарылуда. Тақырыпты әріптесім Бибінұр Әмірханқызы тарқатады.  

БИБІНҰР ӘМІРХАНҚЫЗЫ, РЕДАКТОР

Бүгінгі күні білім беру жүйесі мүмкіндігі шектеулі балалардың мұқтаждығына әлі де болса осал бейімделген. Осы олқылықты жою мақсатында Ақмола облысында елімізде алғашқы болып инклюзивті білім беруді дамыту бойынша үйлестіру кеңесі құрылды. Жалпы білім беретін мектептерінде инклюзия сыныптары ашылуда.

Бүгінде Ақмола облысы бойынша 426 мектепте инклюзия сыныптары бар. Оның бірі №19 орта мектебі. Оқу ордасында ерекше қажеттіліктері бар 89 оқушы білім алуда. Ал, арнайы коррекциялық 5 сынып бар. Мұнда балаларды 1-шіден 5-ші класқа дейін инклюзия сыныптарына дайындайды. Ол үшін білім ордасында инклюзивті білім беруді дамыту бойынша ресурстық орталық құрылған. Арнайы мамандар тобы да жасақталды. Яғни, логопед, дефектолог пен психолог мамандар бірлесе жұмыс жасайды.

ІЛИЯС ЖАНҒАЛИ, ДЕФЕКТОЛОГ

Ерекше қажеттіліктері бар балалар саны 89. Олардың ішінде есту, көру кемістіктері бар балалар, сөйлеудің ауыр бұзылыстары бар балалар, тірек-қимыл аппараты, психикалық дамуының тежелуі бар балалар бар. Балалардың қабілеттерін дамытуға, әр түрлі фестивальдерге, олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Мектепте мамандар жұмыс істейді. Психологтар, логопедтер. Мұғалімдер біліктіліктерін жетілдіріп отырады. Инклюзивті  орта біздің мектепте қалыптасқан деп айтуға болады.                                                                                                                                                              Ақмола облысындағы білім беру мекемелерінде кедергісіз орта қалыптастыру өзекті мәселелердің бірінен саналады. Бүгінде өңірдегі 736 мемлекеттік білім беру мекемесіне пандустар орнату қажет. Биыл 906 мың теңгеге 16 ұйымға пандустар мен көтергіштер орнатылса, 2020 жылы 3,4 млн.теңгеге 11 нысанда пандустар жасау жоспарланып отыр. Айта кетейік, Ақмола өңірінде инклюзивті білім беруді дамытуға байланысты үйлестіру кеңесі құрылып, жұмыс істейді. Кеңес төрағасы Марат Ыбыраевтың айтуынша, инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға қоғам болып  атсалысу қажет.  

МАРАТ ЫБЫРАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Инклюзивті мәдениетті қалыптастырудың бүгінде маңызы зор. Ерекше балаларға қоғам тарапынан түсіністікпен қарауды қалыптастыруымыз қажет. Бұл әрине, балалар арасындағы қатынастан бастау алады, одан кейін барып, екі жақты ата-аналар, мүұғалімдер мен ата-аналар тарапынан туындайтын мәселелер де баршылық. Жалпы, білім беру жүйесінен бөлек, мәдениет, спорт бөлімдері де ерекше балаларға барынша кедергісіз орта қалыптастыру қажет. бүгінгі таңдағы өзекті әрі өткір тұрған проблемалардың бірі, бұл ерекше қажеттіліктері бар балаларға қажетті инфрақұрылымның жоқтығы. Дәмхана мен шаштараздар, кинотеатрлар мен ойын алаңдары да жоқтың қасы. Міне, осы бағытта жұмыс жасалуы тиіс. 

Соңғы уақытта аутизм белгісі бар балалардың саны артып келеді. Ондай балаларға бірінші кезекте дәрі емес, педагог, психолог, логопедтің көмегі керек, -дейді 2 жасында баласынан аутизмнің белгілерін байқаған ана Әлия Ракумбекова. Баласын әлеуметтік ортаға бейімдеу мақсатында бүгінде Әлия «Ерекше өмір» қоғамдық қорын құрып отыр. Кейін балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу мақсатында білім беру орталығын да ашады.

ӘЛИЯ РАКУМБЕКОВА, «ЕРЕКШЕ ӨМІР» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Бүгінде біздің орталыққа 2 жас пен 13 жас аралығындағы 25 бала келеді. Олардың бойында психологиялық және сөлеудің бұзылыстары, зияткерлік кемістіктері мен аутизм белгілері бар. мұнда ондай балаларға барлық жағдай жасалуда. Педагогтар жекелей жұмыс жасайды. Сонымен қатар, логопед, дефектолог, ЛФК нұсқаушы, психологтарымыз бар. Балаларды әлеуметтендіру мақсатында арт терапия, музыка терапия, томатис терапия бойынша жұмыстар жасалады. Бұл балалардың бойындағы шығармашылықты дамытады. Біздің орталықта біз балаларды балабақшаға және мектепке дайындаймыз. Себебі, оларды әлеуметтік ортаға бейімдеу қажет. Балалардың бйоында аутизм белгілерін байқаған ата-аналарға айтарымыз, балаларыңызға ертерек көңіл бөліп, мамандарға берсеңіз, оның сауығу мүмкіндіктері мол болады.

Облыста аутизм диагнозы қойылған балалармен тікелей жұмыс істейтін орталық жоқ. Десе де, білім беру мекемелерінде арнайы инклюзия кабинеттері ашылуда. Әзірге ондай кабинет өңірде екеу. Ол Көкшетау қаласындағы №4 орта мектеп пен Бурабай ауданы орталығындағы №4 орта мектебінде орналасқан.

БИБІНҰР ӘМІРХАНҚЫЗЫ, ДАРХАН САҒЫН КӨКШЕ АҚПАРАТ