1991 жыл. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңі. Бұрын Кеңестер Одағының қарамағында болып, Мәскеуге бағынған тұтас әскер ыдырады. Егемендікті енді алып, бұғанасы әлі бекімеген жас мемлекеттің алдында өз Қарулы Күшін құру міндеті тұрды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл жауапты іске Ақмола өңірінің тумасы, Кеңестер Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетовты лайық деп табады. Осылайша, батыр есімі Қазақстанның Тұңғыш Қорғаныс министрі ретінде тарихта қалды. Бүгінде туған өлкесі қаһарман есімін ұлықтап, ерлігін жас ұрпаққа дәріптеуде. 

ЕРДІГҮЛ ДӘДІБАСҚЫЗЫ, РЕДАКТОР:

Қазақстанның Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің тұңғыш әрі жалғыз төрағасы. Тұңғыш Қорғаныс министрі. Тұңғыш Халық Қаһарманы. Қазақстан Республикасы Армиясының тұңғыш генералы. Бұл айтылғанның барлығы жерлесіміз, Ақмола өңірінің тумасы, ұлт қаһарманы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов туралы.

Сағадат Нұрмағамбетов 1924 жылы қазіргі Ақмола облысы, Ақкөл ауданы, Қосым ауылында туған. Ата-анасынан ерте айырылып, жетімдікті көріп өскен ол 18 жасында әскер қатарына қабылданады. Польша жерінде командир Нұрмағамбетов басқарған атқыштар ротасы жауға қарсы жойқын шабуыл жасап, Сағадат Қожахметұлы Кеңес Одағының Батыры атағын иеленеді. Тәуелсіздікті енді алған ауыр кезеңде Қарулы Күш құру міндеті Сағадат Нұрмағамбетовке жүктеледі. Осылайша, жерлес батырымыз Қазақстанның бүгінгі қайрат-қажыры тасыған Қарулы Күштерінің негізін қалайды. Туған өлкесі Ақкөл қаласында Сағадат Нұрмағамбетов есімі кеңінен дәріптелуде. Аудандық кітапханада батыр атында музей ашылған.

ЗӘУРЕ БАЛАБЕКОВА, КІТАПХАНАШЫ

Біздің мұражайымыз 2007 жылы 19 шілдеде ашылған. Жылына 40 экскурсия өтеді, 700-ге жақын адам келіп-кетеді. Жоғары лауазымды қонақтар да келіп отырады. Экспонаттарды Сағадат Қожахметұлы өзі табыс еткен. Мұражайды ашуға аудандық әкімдік пен Сағадат Нұрмағамбетовтың өзі себепкер болды.

Сағадат есімі жас өрендерге үлгі-өнеге. Батыр туған топырақта өсіп келе жатқан балдырғандар да Сағадаттай сардар болуды армандайды.

НҰРЛЫБЕК ӨМІРБЕК, ОҚУШЫ

Мен Сағадат Нұрмағамбетовпен мақтанамын, себебі талай рет қолына қару алып, сан майданда соғысады. Еліміз үшін, жеріміз үшін саоғысты.+Мен болашақта Сағадат Нұрмағамбетов сияқты батыр болып, қолыма қару алуға дайынмын.

АЛДИЯР ЖЕТПІС, ОҚУШЫ

Біз Сағадат Нұрмағамбетов есімімен мақтануымыз керек. Ол біздің жерлесіміз. Бүгін мұражайда ол жайында көп мәлімет алдық.

Бүгінде Ақкөлдің орталық көшесіне батыр есімі берілген. Және Сағадат Қожахметұлының немересі Сауық Нұрмағамбетов атасының құрметіне бюст орнатқан. Бұдан басқа ауданда ұлт қаһарманын дәріптеу шаралары жүйелі атқарылып келеді.

ӘЙКЕРІМ ТҮМЕНБАЕВА, АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ

 Биыл Сағадат Нұрмағамбетовтың 95 жылдығы атап өтілді. Мерейтойына байланысты көптеген мәдени, спорттық іс-шаралар, дөңгелек үстелдер, конференциялар, мектептерде  ашық сабақтар өтті. Соңғы бес жылдың ішінде жыл сайын біздің қаламызда республикалық қазақ күресінен турнир өтеді. Бұл турнирге Қазақстанның түкпір-түкпірінен спортшылар келеді.

Тәуелсіз елдің тұғырын нығайтып, бұғанасын қатайтып, армиясын қалыптастырып, айбынын асқақтату жолына бар ғұмырын арнаған батыр есімі мәңгі ел есінде.

 

ЕРДІГҮЛ ДӘДІБАСҚЫЗЫ,  БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, «КӨКШЕ АҚПАРАТ»