Бүгінгі күні жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру арқылы елін қорғайтын азаматтарды қалыптастыру маңызды. Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағының облыстық филиалы осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізуде. Егемен елдің еркін ойлы жастарымен жиі кездесу ұйымдастырып, бейбіт күннің қадыр-қасиетін насихаттауда.
Ауған соғысының ардагерлері кезекті кездесуді А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің қабырғасында өткізді. Аталған шараға қаладағы бірнеше колледждің студенттері жиналған. Іс-шара «Бейбітшілік біздің қолымызда» деп аталады. «Жастар жылы» аясында облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысымен ұйымдастырылуда.
ДУАНБАЙ ЫБЫРАЙ, «АҚМОЛА ОБЛЫСЫ АУҒАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРЛЕРІ МЕН МҮГЕДЕКТЕРІ ОДАҒЫ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Бүгінгі іс-шараның мақсаты – жастарды бірінші өзінің тарихын білуге шақыру, екінші әскердің имиджін көтеру. Қорқатын ештеңе жоқ. Ол қорғамаса, елімізді кім қорғайды? Соны жастардың әрбіріне жеткізу. Мысалы, 100 шақты бала келіп отыр, соның ішінде бір-екеуі осы кездесуден, біздің айтқанымыздан өзіне бірдеңе алса, одан артық бізге ештеңе керек емес.
Алдымен, сұрапыл соғысты бастан кешірген ардагерлер сөз алды. Жиналған жастарға бүгінгі бейбіт күннің қадірін, елге адал еңбек етудің маңызын түсіндірді. Кейін кафедра базасы таныстырылып, әскери техникалар мен қару-жарақтар көрсетілді.
АРМАН КЕҢЕСБЕК, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ ЖАНЫНДАҒЫ КӨПСАЛАЛЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ:
Мен бүгін өзіме керемет әсер алдым. Ауған соғысының ардагерлерімен таныстым. Биыл Ауған соғысына 30 жыл болып, керемет іс-шаралар өтуде. Әскери кафедрадағы әртүрлі әскери құрал-жабдықтармен, танктермен таныстым.
НҰРӘДІЛ ТЕМІРЖАН, АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС ЖОҒАРЫ КӨПСАЛАЛЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ:
Осы іс-шарада Ауғанстан ардагерлерімен таныстым. Мен әр ер адам әскерге қатысуы керек деп ойлаймын. Отанын қорғау әр азаматтың борышы деп санаймын.
Ел болашағын қалайтын, іргесін ыдыратпай ұстайтын, бейбітшілігін қорғайтын да бүгінгі жастар. «Ел басына күн туса, етігімен су кешуге әзір ұрпақты қалыптастыра алсақ, болашаққа алаңадамауға болады»,-дейді ардагерлер.
ЕРДІГҮЛ ДӘДІБАСҚЫЗЫ, САБЫР ҚҰЛАТАЙ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ «КӨКШЕ АҚПАРАТ»