Облыстық «Зерде» зерттеу жобалар байқауы өз мәресіне жетті. Аталмыш байқауға биыл 200-ден астам өтінім келіп түскен. Ал, облыстық кезеңге 140 жоба іріктелініп алынған. Білімділер сайысына 16 аудан мен қос қаладан 1-7 сынып оқушылары қатысты. Ойы ұшқыр, талпыныстары таңдай қақтырар жас зерттеушілердің жарысын әріптесім Абзал Азаматұлы көріп қайтты.
21 ғасыр – ғылым мен білімнің заманы. Өңірдің өрелі өрендері көптеген ғылыми жобалар байқауларына қатысып, топ жарып жүр. Оның айқын дәлелі, жыл сайын өтетін аталмыш «Зерде» байқауы. Оқушылар 8 бағыт бойынша сынға түсті. Қызықты жобалар өте көп. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай білім байқаулары оқушылардың ғылыми зерттеулерге ынтасын ашып, қарым-қабілеттерін дамыта түседі.
ЕРКІН ОРАЗОВ, ӨНЕРПАЗ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРМЕН ЖҰМЫС ЖҮРГІЗУ ЖӨНІНДЕГІ ОБЛЫСТЫҚ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Байқаудың негізгі мақсаты – жас дарындарды анықтау. Жастар жылы аясында білімді жастарды қолдау болып табылады. Сайысқа нақты 159 оқушы қатысты. Соның ішінде 18 оқушы бірінші орын иеленді. Екінші орынға 36 және үшінші орынға 49 оқушы жетті. 11 ынталандыру сыйлығымыз тағы бар. Республикалық кезеңге баратын барлық оқушылардың жолын, жатар орнын барлығын облыстық білім басқармасы көтереді. Сәттілік тілейміз.
Оқушылардың еңбектері мазмұны мен мағынасына қарай бағаланды. Есіл ауданынан келген Бекзат есімді оқушы өз ауылының тарихы мен киелі нысандарын зерттеген. Ол өз жобасына Терісаққан ауылынан шыққан даңқты тұлғалардың еңбектерін, көнекөз қариялардың естеліктерін енгізген. Қатысушының айтуынша, ол бұл жобамен 2 жылға жуық айналысқан. Тарих бағыты бойынша Бекзаттың жобасы үздік танылды.
БЕКЗАТ КӘРІМЖАНОВА, ҮЗДІК ЖОБА АВТОРЫ
Осы жобамды бастағаныма 2 жыл болды. Осы екі жыл ішінде көптеген аудандық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Алғаш аудандық кезеңнен бірінші орын алып, облыстық сынға жолдама алдым. Енді міне, облыстық байқаудан да бірінші орын алдым. Қуаныштымын.Менің жобамның тақырыбы Терісаққан аңыз-әңгімелер өлкесі. Туған ауылымның тарихы мен киелі нысандарын зерттедім. Жергілікті ғалымдардың әлі де ашылмаған зерттеулерін қостым.
Облыстық байқауда жеңімпаз атанған жүлдегерлер қаңтар айында өтетін республикалық байқауда өңір намысын қорғамақ. Айта кету керек, республикалық кезең «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында өтеді.
АБЗАЛ АЗАМАТҰЛЫ, САБЫРБЕК ҚҰЛАТАЙ, ШОҚАН ТАУКИЕВ КӨКШЕ АҚПАРАТ