Қазақ даласы – ұлы түркі елінің қара шаңырағы. Дәл осындай атаумен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде облыстық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған қатысқан тарихшы, әдебиеттанушы, шығыстанушы ғалымдар заманауи түркологияның дамуы, ортағасырлық түркілердің мемлекеттік идеологиясы, түркі әлемі тарихындағы жеке тұлға рөлі сияқты тың тақырыптарды қозғап, баяндамаларын жасады, бұл бағыттағы өздерінің көзқарастарымен бөлісті.
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы арқылы Елбасы әлемдік өркениетке қосқан үлесіміз бен жаһандық даму үрдісіне тигізген зор септігімізді қайтадан зерделеп, дүниежүзіне жаңаша дәріптеуге үндейді. 270-ке тарта қатысушыны жинаған ғылыми-практикалық конференцияның мақсаты да сол, «Қазақстан - түркі әлемінің бесігі» деген тақырыпты ашып, ата-бабамыздың адамзаттың дамуы тарихына қосқан үлесін насихаттау. Ұлы дала халқының ғалам мәдениеті мен өркениетінде өзіндік орны бар екенін айшықтаған ғалымдардың бірі археология профессоры Виктор Зайберт. Ол бүкіл әлемге жылқы малының алғаш рет қазақ топырағында қолға үйретілгенін дәлелдеп, Ботай мәдениетін ашты.
ВИКТОР ЗАЙБЕРТ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, АРХЕОЛОГИЯ ПРОФЕССОРЫ
Тарихы тереңнен сыр шертетін Түркі әлемінің негізі, сөзсіз, Ботай мәдениетінде жатыр. Мәдениет генезінің үрдісі ұлан-ғайыр жерді игерумен, тарихи-мәдени бірлестіктер құрумен байланысты. Халық сол дәстүрді экономикалық тұрғыдан болсын, рухани мұраны Еуразияның далалы аймағын мекен еткен этникалық топтарға жеткізіп отырған.
Археолог-ғалымның ендігі мақсаты ботайлықтардың тұрғын-жайы – жер бетіндегі үйлердің алғашқы үлгісі екендігін дәлелдеу. Бүгінде мұндай баспананың мысалдары көп: бұл қазақтың киіз үйі мен шошалас,-дейді ғалым. Бұл сәулет құрылысын Кавказда, Памирде кездестіруге болады деген ғалым, оны ботайлықтардың таратқанын айтады. Конференцияға қатысқан шығыстанушы ғалым Шәкір Ыбыраев болса, ортағасырлық түркілердің мемлекеттік идеологиясы тақырыбында өз баяндамасын жасады. Түркітанушы ғалым «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының әр бөлімі өткенді сараптай отырып, бүгінмен ұштастыра, ойластыра айтылған,-дейді.
ШӘКІР ЫБЫРАЙ, Л.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ
Түркітану ғылымының кешенді түрде дамуы бір ғана тіл біліміне қатысты емес, ол тарих, этнография, фольклордың дамуы. Рухани мәдениетіміз жан-жақты қаралуы үшін ғылым да кешенді сипатта дамуы керек. Ұлы далада өркениет болған, ат қолға үйретілді, далалықтар дөңгелек , шалбарды ойлап тапты.
Ұлы дала Әл-Фараби мен Яссауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз Тәуке мен Абылай, Кенесары, Абай сияқты басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Осы атақты тарихи тұлғалардың жетістіктерін паш етіп, ғылыми зерттеулер жүргізіп жүрген тарихшы ғалымдардың бірі Қадыржан Әбуев. Ол қазақ тарихындағы ұлы тұлғаларды насихаттау ісін алға жылжыту қажет деп санайды.
ҚАДЫРЖАН ӘБУЕВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР
Қазақ жері-түркі әлемінің қара шаңырағы. Қазақ хандығы құрылғаннан бері Әз-Жәнібек хан, оның баласы Қасым хан, қазақ жерін жинап, этностардың территориясын анықтаған. Есімхан, және оданкейінгі хандардың барлығы оның ұрпағы. Қазақ хандарының ішінде әчірее Абылайханның рөлі зор.
Облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен конференция өзінің діттеген мақсатынан шықты,-дейді оған қатысушы ғалымдар. Себебі, осындай конференциялар ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы рөлімізді байыппен, әрі дұрыс пайымдауға мүмкіндік береді.
БИБІНҰР ӘМІРХАНҚЫЗЫ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ