Көкшелік айтыскер ақын,  Құдайберлі Мырзабектің шығармалары  электронды  нұсқада жарық көрді. Өнерсүйер қауымға есімі  жақсы таныс жергілікті ақынның шығармалары «Цифрлы Қазақстан»  мемлекеттік бағдарламасы аясында цифрландырылып,  Magzhan.kz порталында, сонымен қатар облыстық кітапхананың және Қазақстанның Ұлттық электронды кітапханасы сайттарында жарияланды. Шығармашылық кешке ақынның өнердегі достары мен жақындары қатысты.Ән мен күйден сыр шертіліп, өлең жолдары арналды.  

Құдайберлі Мырзабектің есімі өнер  сүйер қауымға жақсы таныс. Ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, Зеренді ауданының Құрметті азаматы, ҚР мәдениет саласының үздігі. Сонымен бірге Құдайберлі Мырзабек терме-толғауларды жатқа жырлайтын, көне мақамдарды кейінгі ұрпаққа насихаттаушы жыршы. ҚР-ның халық ақыны Көкен  Шәкеевтің шәкірті.

СӘБИТ ЖӘМБЕК, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ

Құдашты жазба ақын ретінде жақсы білеміз. Осы ретте айта кететіні, ақынның жазба жұмыстары өз оқырмандары арасында кеңінен танылған. Кейінгі кезде  поэзияда сұйылып бара жатқан  далалық әуенді бүгінгі келбетке келтіріп, жастар арасында насихаттап жүрген ел азаматы.

Облыстық кітапханада  «Өңір мен өмір» жобасы аясында кітапхананың қорындағы кітаптардан материалдар жинақталып, «Көкшенің көктұйғыны – Құдаш ақын» атты электрондық басылым жинағы жарық көрді. Аталмыш басылым 9 бөлімнен тұрады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, электронды басылымға жергілікті ақын-жазушылардың  кітаптары жинақталып енгізілген.

АИДА АМАНГЕЛДІ, М.ЖҰМАБАЕВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ӘМБЕБАП-ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНАНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ

Кезекті  электронды басылым ақын Құдайберлі Мырзабектің шығармаларына арналып отыр. Мақсатымыз-ақынның шығармашылығын қалың оқырманға қолжетімді ету. Яғни, электронды нұсқада оқи алады. Бұл өте құнды басылым болып саналады.  

Айтыскерлікпен қатар, жазба ақындықты қатар алып жүрген шығармашыл тұлға – «Айрауық», «Ащылы-Жекебояқ» жыр жинақтарының, «Қармыс атаның ұрпақтары» прозалық кітаптың «Сұр көжек» шығармасының авторы. Сонымен қатар, кең тынысты Арқа иіріміндегі бірнеше әні халық арасында таралып, орындалып жүр. Мұның бәрі Құдаш ақынның шығармашылық жолында жеткен жетістіктерінің бір парасы ғана. 

БАЛАУСА ЖАҚСЫБАЙ, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ «КӨКШЕ АҚПАРАТ»