РКС: Қазақ халқы келелі мәселенің түйткілін ежелден тура айтпай, астармен жеткізген. Аталмыш дәстүрді бүгінгі күні жайдарманшылар жалғастыруда. Талантты жастар өз өңірлеріндегі, жалпы қоғамдағы келеңсіздіктер мен атқарылып жатқан игі шараларды әзілдеріне арқау етеді. Облыс орталығында орамды әзілдер мен қағытпа қалжың саңлақтары сыналатын «Ақмола» жайдарман лигасының ақтық кезеңі болып өтті. Финалдық бәсекеде облыс орталығының және көршілес Солтүстік Қазақстан облысынан келген 5 команда бақтарын сынады.

СНХ: САҒЫНДЫҚ СӘРСЕКОВ, ЖАЙДАРМАНШЫ  /// Ақмола лигасында басқа облыс атынан қатысып жатқан жалғыз команда біздің команда. Былтыр екінші орын алған едік. Биылғы меже чемпион атану. Командалар мықты дайындалғаны көрініп тұр. Ойын тартысты өтейін деп тұр.

РКС: Көңілді тапқырлар сайысы 3 кезеңнен тұрды. Яғни сәлемдесу, ширату және үй тапсырмасы. Әр кезеңге жан-жақты ізденіп келген ойнышылар әдемі ойын өрнегін көрсете білді.

СНХ: АНЕЛЬ КЕНБАЕВА, КӨРЕРМЕН  /// Жаңа ғана ойынның алғашқы кезеңі аяқталды. Ойын өте қызықты өтуде. Күлкіге қарық болдық. Барлық командалардың өз ерекшеліктері бар. Қазір болатын екінші және үшінші айналымдардан да қызықты әзілдер күтеміз.

РКС: Бір кезең бойы көрерменнің көзайымына айналған «Ақмола» жайдарман лигасының финалында тапқырлығымен көзге түсіп, лайықты ойын өрнегін көрсете білген жергілікті «Максимум» жайдарман тобы биылғы маусымның чемпионы атанды.

ҒАЛЫМЖАН ӨТЕМІСОВ