РКС: Қолданбалы бакалавриаттың артықшылығы айқын – жоғары білікті мамандарды тәжірибеге бейімдеу арқылы дайындау. Күтіліп отырғандай, төрт жыл бойы қолданбалы бакалавриат мамандығы бойынша оқыған студенттер жоғары білім деңгейінде теориялық дайындығы жоғары, тәжірибесі мол маман болып шығады.
СНХ: ТАЛҒАТ ЖҮНІСОВ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ // Қолданбалы бакалавриат – бұл студенттерге дуальды білім беруді көздейтін бағдарлама. Мұнда модульді-кредитті білім беру жүйесі қолданылады. Облысымыздың 11 колледжі бүгінде индустриалдық аккредитациядан өтті. Яғни, олар 4 жыл білім алған соң жоғары оқу орнында қысқартылған оқу курсы бойынша білім алу мүмкіндігіне ие бола алады. Бүгінде бұл колледждер Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университетпен меморандумға қол қойды. Қолданбалы бакалавр біліктілігі бар студенттер сол оқу орындарында екі жыл оқып, жоғары білім алып шыға алады. ///
РКС: Бүгінде Ақмола облысы бойынша 33 колледж бар, соның 6-ы жоғары колледж мәртебесіне ие. Осы колледжерде 9 мамандық бойынша қолданбалы бакалавриат білім беру бағдарламасы енгізілді. Семинарда қолданбалы бакалавриатты 3 бірдей мамандық бойынша алғаш болып енгізген Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінің тәжірибесі тілге тиек етілді.
СНХ: ШОҚАН ҚАСЫМ, АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС ЖОҒАРЫ КӨПСАЛАЛЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ/// Біздің колледждің материалдық-техникалық базасы мықты, ол жыл сайын жаңартылып, толығып отырады. Оқу орнының оқытушылық құрамы да тәжірибелі мамандардан құралған, ғылым кандидаттары мен азаматтық қорғаныс офицерлері және жоғары санатты ұстаздар білім береді. Колледж бүгінде азаматтық қорғаныс бағыты бойынша 2 білім беру бағдарламасын әзірлеу үстінде. Қазірде студенттік мобильділікті қамтамасыз етіп, ұстаздардың біліктілігін арттыру мақсатында жақын шетел мемлекеттерінің жоғары оқу орындарымен өзара әріптестік бойынша келісімдер жүргізілуде. ///
РКС: Республикалық семинар барысында қолданбалы бакалавриат білім бағдарламасын сәтті енгізген оқу орнының мамандары өзара тәжірибе алмасып, бұл бағытта әдістемелік құралдарды дайындау, бағдарламаның тұжырымдамалық негіздеріне қатысты тақырыптар бойынша ой-пікірлерін ортаға салды.
СНХ: РАЙХАН ИШАНҚҰЛОВА, «BOLASHAQ» ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ (ҚАРАҒАНДЫ Қ.)/// Қолданбалы бакалавр – бұл теориялық және практикалық тәжірибесі мол жоғары дәрежелі маман. Бүгінде аталған білім бағдарламасын еліміздің барлық оқу орындарына енгізу мәселесі тұр. Алдымен еліміз бойынша аталған бағдарлама енгізілген 46 оқу орны бұл мәселені жан-жақты қарастырып, тәжірибе жүзінде кездесетін мәселелерді шешуі қажет. Бүгінгі семинарда біз Азаматтық қорғаныс көпсалалы жоғары колледжінің бұл бағыттағы тәжірибесімен таныстық. Жалпы, жаңа бағдарлама негізінде қазірде оқу жоспары, бағдарламасы бәрі де өзгертіліп жатыр. Сондықтан, бұл семинар қолданбалы бакалавр оқу бағдарламасын сәтті енгізуге жол ашып отыр деп ойлаймын. //
РКС: Елімізде бүгінде жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары. Сондықтан, қолданбалы бакалавр мамандығы бойынша білімі бар әрбір жас маман еңбек нарығында бәсекеге қабілетті жан ретінде өзін көрсете алады. Себебі, мұндай біліктілігі бар маманның теориялық білімімен қатар практикасы да мол,-дейді семинарға қатысушылар. Аталған республикалық бас қосу екі күнге жоспарланған.
БИБІНҰР ӘМІРХАНҚЫЗЫ