Елу жылда ел жаңа. Осыдан 60 жыл бұрын мектеп табалдырығын имене аттаған бүлдіршіндер бүгінде самайын қырау шалған абзал ағалар мен алтын құрсақты аналар. Жарты ғасыр бұрын «өмір» атты айдынға қалықтаған түлектердің қатары да сиреп бара жатқандығы жасырын емес. Десе де, осы бір мөлдір шақты еске алу үшін сонау 1966 жылы Моңғолия жерінде түлеп ұшқан қандастарымыз жарты ғасырдан кейін қазақ жерінде қайта бас қосты. Кездесу Астана қаласынан бастау алып, Бурабайдың баурайында жалғасын тапты. Біздің де түсірілім топ осындай ерекше тебіреністі кездесудің куәсі болып, замандастардың қуанышымен бөлісіп қайтты.
Осыдан тура 50 жыл бұрын бір топ қыз-жігіт Моңғолия еліндегі Баян-Өлгей қаласының 1-ші онжылдығы атты орта мектебінен түлеп ұшқан еді. Сол кездегі тұлымшағы желбіреген бойжеткендер мен бозбалалар бүгінде 70-ті алқымдап, самайын қырау шалған аталар мен ақжаулықты аналар. Он жыл бойы мектеп қабырғасында қатар отырған достардың бір-біріне деген сағыныштары кеуделерін кернегені көрініп-ақ тұрды. Сүрленіп қалған сырларымен бөлісіп, жарты ғасыр бұрынғы естеліктерін ерекше бір жылылықпен еске алысып жатты.
Қазақстан мен Моңғолияда тарыдай шашылған замандас, құрбы-құрдастар қазақ елінің бас қаласы саналатын Астанада бас қосып, кездесулерін өмірден өткен құрбы құрдастарын, ұстаздарын еске алып, оларға құран бағыштаудан бастады. Жер жәннаты саналатын Бурабайға келіп, ата-бабалардың ізі қалған жерде қуаныштарымен бөлісті.
Жартығасырлық кездесуді ұйымдастырып, тойдың бар ауыртпалығын мойнына алған Мағаш Аятханұлына замандастары ризашылықтарын білдіруде. Басты мақсат – бүгінгі ұрпаққа балалық шақтың балдәуренін бірге өткізген құрбы-құрдастарға деген сезімді ешқашан жоғалтпаудың мәнін ұқтыру, - дейді. Бір дәуірдің мөлдіреген жастарының келешек ұрпаққа аманатының да зор екендігіне біз де сүйсініп қайттық...
Айгүл Бекетқызы, Бауыржан Смағұл, Дархан Сағын