Жаңа орталықта жүргізуші куәлігін рәсімдеу, емтихан сыныбы, медициналық тексеру кабинеті, дайын құжаттарды беру залы, өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы мен күту залдары бар. Өңір басшысы Мәлік Мырзалин ғимараттың ішін аралап, мекеме жұмысымен танысып, мамандарға сәттілік тіледі. Айта кетейік, бүгінгі күні мұнда 17 терезеде 47 инспектор, мемлекеттік қызметтің екі түрі көрсетіледі. Сондай-ақ, 6 дәрігер мен 12 полиция қызметкері де осында отырады. Себебі, мұнда 6 дәрігер жүргізуші куәлігін алу үшін арнайы медициналық тексеруден өткізеді. 15 минуттың ішінде медициналық анықтама беріледі.
Жаңа орталықта автокөлікті тіркеу немесе қайта тіркеу үшін 1 сағаттай уақыт қажет болса, жүргізуші куәлігін алу үшін бұрынғы 6 сағаттың орнына 2-ақ сағат уақыт жұмсалады. Сондай-ақ, куәлік алуға келген адамдар практикалық емтиханды осы жердегі автоматтандырылған мотодромда тапсырады. Оларға арнап 6 көлік сатылып алынған. Автодром арнайы дыбысталған қондырғымен жабдықталған. Ал көлікте бағаны өз бетінше қоятын, электрондық бағалау жүйесі орналастырылған. Сонда емтиханды адам емес, техника бақылап, бағалайды. Орталықтандырылған жүйенің арқасында Қазақстанның кез-келген азаматы мұнда автокөліктерін тіркеп, тиісті мемлекеттік қызмет түрін ала алады.
Айта кетейік, бүгінгі күні облыс бойынша халыққа қызмет көрсететін 23 бөлімше бар. Ал мұндай мамандандырылған орталық біреу ғана. Ол жексенбіден басқа, аптаның алты күнінде сағат 9.00-ден - 20.00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді.
Гүлмира Аманбаева