Астана бүгінде жылдам дамып келе жатқан қалалардың бірі. Аз ғана уақыттың ішінде қала аумағында көптеген әсем ғимараттар бой көтеріп, тұрғын үйлер салынды. Инфрақұрылымдық дамуы да жоғары деңгейде. Бұдан бөлек, қазір ол бейбітшілік пен татулықтық қаласы, жаһандық келіссөздердің алаңына айналды. Әлем мемлекеттерінің қатысуымен ірі шаралар өткізіліп келеді. Биыл елімізде өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» көрмесі де соның дәлелі. Облыс әкімі Мәлік Мырзалин Астана – Тәуелсіздіктің жемісі екенін атап өтті.
Ақмола облысының қазіргідей гүлденіп, өркендеуіне ақмолалықтар да елеулі еңбек сіңірді. Әсіресе, тұрғын үйлер мен зәулім ғимараттарды салуға белсене қатысты. Айта кету керек, қазіргі күні Ақмола облысы бас қаламен ауылшаруашылығы және өнеркәсіп саласында тығыз қарым-қатынас орнастқан. Сондай-ақ, Астана маңындағы азық-түлік белдеуінің дамуына да үлесін қосып келеді.
Сондай-ақ, жиында Астананың құрдастары да Ел орданың дамуына қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Олар Тәуелсіз елде өмір сүруге, білім алуға және еңбек етуге мүмкіндік берілгеніне қуанышты екендіктерін жеткізді. Мансия Есекеева да – Астананың тікелей құрдасы. Ол 1997-ші жылы 6-шы маусымда дүниеге келген. Қазір Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде білім алады. Болашақта журналистика саласында еңбек еткісі келеді. Өзі Астана қаласының құрдасы ретінде Тәуелсіз елімен мақтанатынын айтады.
Облыс әкімі Мәлік Мырзалин Астана қаласының дамуына әрбір ақмолалықтың атсалысуы керектігін атап өтті. Әсіресе, жастарға үлкен үміт артылып отырғанын жеткізді.
Нұргүл Нұрбайқызы