18 мамырда халықаралық музейлер күні биылғы жылы 140-шы рет тойланбақшы. Осыған орай Мәлік Ғабдуллин музейінде  «Күнделік сыр шертеді» атты музейдегі түн  акциясы өтті. Тұлғалық мұражай болғандықтан, шарада батырдың өмір жолы баяндалып, халыққа таныстырылды.

Акцияның ашылу салтанатында алдымен Мәлік Ғабдуллин атындағы патриоттар қауымдастығының төрағасы, подполковник Мұса Байтөлекұлы батырдың алауын жақты.  Бұдан кейін облыс орталығындағы  қазақ және орыс драма театрларының ұжымдары театрландырылған көрініс қойып, зұлмат соғыстағы батырлардың бейнелерін бір сәтке көз алдымызға елестетті.

Музейлер күні халықаралық деңгейде 1977 жылдан бері тойланып келеді. Мәлік Ғабдулиннің мұражайында айтулы шара алғаш рет өткізіліп отыр.

Шараның екінші бөлімі мұражайдың экспозициялық залдарында өтті. Ол жерде де Мәлік батырдың соғысқа аттанған жылдары, өмір жолы театрландырылған қойылым арқылы көрсетілді. Тағы бір ерекшелік – шараға келгендерді мұражай залдарында қазақтың зиялы қауым өкілдерінің бейнесін сомдаған әртістер қарсы алды. Музей түнін тамашалауға келгендердің көпшілігі мұндай шараға алғаш рет қатысып отырғандарын жеткізді.

Мәлік Ғабдуллиннің мұражайында өткен музейлер түні көпшіліктің көңілінен шықты деуге болады. Рухани ордаға алғаш рет бас сұққандар бұдан кейін жиі келіп тұруға уәде етіп жатты. Мұндай игі шара облыс орталығындағы өзге де мұражайларда жалғасын таппақ.

Айгүл Мырзағалиқызы, Бауыржан Смағұлов