Жылдағы дәстүр бойынша Көкшетау қаласының сегіз қырлы, бір сырлы жігіттерінің арасында «Жігіт сұлтаны» байқауы өтті. Айтулы шараны қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Алаш қайраткерлерінің 100 жылдығына орай ұйымдастырған. Мақсат – кейінгі ұрпаққа алашордашыларды ұмытпауға, ұлықтауға шақыру, қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттау.
Байқауға 18 бен 27 жас аралығындағы тепсе темір үзетін, өнері мен білімі жарасқан онға жуық жігіт қатысып, бақ сынады. Олар - жоғары оқу орны мен колледж студенттері, халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері. Тартысты өткен сайыс барлығы төрт кезеңнен тұрды.
Бәйгеден оза шауып, жігіттің сұлтаны атану үшін қатысушылар барын салды. Дайындықтары да жаман емес. Сахнада өздерін еркін ұстап, бойдағы өнерлері мен білімін жоғары деңгейде көрсете білді.
Байқау қорытындысы бойынша Көкшетау техникалық институтының студенті Айәділ Меңдібаев «Жігіт сұлтаны» атанды. Екінші және үшінші орындар Серік Әділет пен Жеңіс Олжасқа бұйырды. Жеңімпаздарға диплом мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Айгүл Мырзағалиқызы, Данияр Жұмағұлов