Көкшетауда поляк әндерінің республикалық фестивалі өтті. Дәстүрлі ән мерекесіне еліміздің әр аймағынан 150-ден астам қатысушы келіп, өнерлерін ортаға салды. Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен ұйымдастырылған мәдени іс-шараның мәні мен маңызы зор. Аймақты мекендеген 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өзіне тән тілі мен дінін, әдебиеті мен мәдениетін дамытуға мол мүмкіндік жасалған. Көкшетаудың төрінде бастау алған поляк әндерінің республикалық фестивалі соның айқын айғағы. Поляк әндерінің республикалық фестивалі Ақмола облысында осымен 7-ші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Қасиетті Көкше жері поляк әндері мен мәдениетінің орталығына айналған, - дейді ұйымдастырушылар. Мәдени іс-шара «Біздің күшіміз – бірлікте» тақырыбын арқау еткен.  Республиканың әр түкпірінен жиналған шығармашыл ансамбльдер, солистер мен би ұжымдары  іс-шараға ерекше дайындықпен келіпті. Фестивальдің басты ерекшелігі -  барлық орындаушылар әнді жанды дауыста орындады.

 

Е.Серікбай, Б. Смағұлов