Степняк қаласындағы №1 орта мектептің өнерге құштар өрендері аудандық оқу-өндірістік комбинаты жанындағы «Арт фото» үйірмесіне қатысып, әлемдік деңгейде кеңінен дамыған осынау өнердің тылсымынан сыр шертіп, сан мәрте шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары атанды.

Сурет және сызу пәнінің мұғалімі Нұрлан Шәменов шығармашыл жан. Ол өзінің бала кезгі арманы фотограф болуды қолына диплом алып, мектепте сабақ берген кездерден бастап жүзеге асырған сыңайлы. Өйткені ол өнерге құштар оқушылардың басын қосып, 2010 жылы «Арт фото» үйірмесін ашты. Жансыз бейнені қаз қалпында фотосуретке түсіріп, адамның табиғи болмысын айна қатесіз жеткізе білу үлкен еңбекті талап етеді. Бүгіндері Нұрлан Шаменовтің фотоөнермен айналысатын шәкірттері сан мәрте дельфий ойындарына қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. Жақында аудандық мәдениет үйінің фойесіне қойылған көрмеге талантты ұл-қыздардың 200-ге жуық еңбектері қойылды.

Облысымызға танымал Степняк қаласындағы мектеп оқушыларының «Арт фото» үйірмесінің мүшелері шығармашылықтарын жетілдіре түсуде. Олар оны түрлі байқаулар мен көрмелерге қатысу арқылы жүзеге асырмақ. 

Жақын арада Нұрлан Шәменов өзінің шәкірті Жанна Ғалиевамен бірге Ресейдің Екатеринбург қаласында өтетін халықаралық байқауға аттанады. Бұл додада алыстағы ауданның фотошеберлері Тәуелсіз Қазақстанның тыныс-тіршілігін паш етпек.

Қалымбек Мұхамеджанов, Дархан Сағын