Ғашықтықтың символы! Көкшетауда Қозы Көрпеш-Баян сұлу күніне орай «Махаббат ағашы» деп аталатын композиция ашылды. Енді ақмолалық жастар өздерінің тілектерін айтып, мөлдір махаббаттың белгісі ретінде темір ағашқа құлып іле алады. Бұдан бөлек, ғашықтар күні аясында облыс орталығында концерттік бағдарламалар өткізіліп, мерекелік байқаулардың жеңімпаздары анықталды. Айта кетейік, жыл сайын елімізде 15-ші сәуір Қозы Көрпеш-Баян сұлу –ғашықтар күні ретінде тойланып келеді. Бұл дәстүр биыл да жалғасын тапты.

Жанат пен Диляра - «Махаббат ағашының» лентасын қию мүмкіндігіне ие болған жастар. Жарасымды жұп биыл шаңырақ құрмақ ниетте екен. Көпшіліктің арасынан бірден көзге түскен ғашықтар алғашқы жұп болып «Махаббат ағашына» өздерінің құлыптарын ілді.

Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. Көкшетау қаласындағы жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, оқушылар қазақ аңыздарындағы ғашықтардың рөлдерін сомдап, театрландырылған көріністер қойды. Сондай-ақ, әннен шашу шашып, замануи билерді де көпшілік назарына ұсынды.

Мерекелік шарада ғашықтарға арналған ең әдемі махаббат жыры байқауының жеңімпаздары анықталды. Алдын-ала өткізілген онлайн-мүшәйра қорытындысы бойынша, 1-ші орынды жас ақын Серғазы Қайырболды иеленді. Ал, ғашық жұптардың ең әдемі фотосуреті сайысына қатысқан 14 жұптың ішінде Көкшетау жоғары техникалық колледжінің студенттері Ақылбек Құланов пен Альмира Сатыбаева жеңіске лайықты деп танылды.

Нұргүл Нұрбайқызы, Дархан Сағын.