Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрында өзбек драматургі Иззат Сұлтановтың «Отбасылық құпия» комедиясының тұсаукесері өтті. Отбасындағы билік кімнің қолында деген сұрақ төңірегіндегі ене мен келін арасындағы тартысты оқиға шебер сахналанды. Спектакльдің қоюшы режиссері Болат Әбдірахманов.

 «Отбасылық құпия» бұл бір отбасында енесі мен келіні арасындағы дау-дамайды көрсететін  қызықты да, тартымды оқиға. Ене мен келін арасындағы билік үшін тартыс отбасының берекесін қашырады. Бұл келіннің ағасы мен қайын сіңлісінің махаббатына да кедергі болады. Алайда, тапқыр әке ақылды ұлы мен болашақ күйеу баласының көмегімен жанжалдасқан екі жақты татуластырудың жоспарын ойлап табады. Жеңіл, әрі әсерлі жеткізілген қойылымның басты мақсаты өзара сыйластық, татулық сияқты отбасылық құндылықтарды насихаттау болды.  

Комедия жанрының бір ерекшелігі мұнда басты назар кейіпкерлердің образдарына ауады. Бұл бағытта ене рөлін сомдаған Мәдениет қайраткері Жанар Құсайынова мен келін рөліндегі Гаухар Сенбінің актерлік шеберліктеріне тәнті боласың. Өйткені, басты кейіпкерлер өз образдарын сәтті жеткізе білді.

Айта кетейік, пьесадағы оқиға өзбек отбасында орын алғандықтан, актерлер өзбек тіл орамдарын кеңінен қолданды. Бұл комедиялық жанрдағы қойылымның сәтті шығуына әсер еткендей. Ал шілтер тәрізді тоқылған би мен ән, әзіл мен күлкілі көріністер оқиғаның көрерменге жеңіл, әрі тартымды жетуіне ықпал етті.

 

Бибінұр Әмірханқызы, Данияр Жұмағұлов