«Көкшетау – тал бесігім» музыкалық фестивалі кезекті рет көрермен көзайымына айналмақ. Ақмола облыстық филармониясының ұйымдастыруымен өтетін дәстүрлі фестиваль өзіндік ерекшеліктерімен дараланады. Фестиваль бағдарламасында ел таныған шығармашылық ұжымдар мен мәдениет қайраткерлері өнер көрсетеді. Үш күндік өнер мерекесі сәуірдің 21-і, 26-сы мен 30-ына жоспарланған. Музыкалық фестиваль бағдарламасымен біздің түсірілім топ та танысып қайтты.
Музыкалық фестивальдің алғашқы күнін «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының дирижері Руслан Баймурзиннің шығармашылық кеші ашады. Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ ұлт аспаптары оркестрінің, камералық музыка ансамблінің және арнайы шақырылған дирижерлердің орындауында халық музыкасы, отандық және шетелдік композиторлардың туындылары талғампаз тыңдарманға тарту етіледі.
Өнерсүйер қауым үшін тағы бір тамаша тарту - классикалық Гранд-отель «Оперетта» концерті болмақ. Бесжұлдызды бағдарлама тосын сыйға толы, - дейді қоюшы режиссер.
Ал, фестивальдің соңы «Гәкку» би ансамблінің мерейтойлық концерті болмақ.
Ауғанбек Манарбекұлы, Анастасия Хмелёва, Василий Вережников