«Наурыз мейрамы – ұлттың жауһары». Осындай атаумен өңірдегі Мәлік Ғабдуллин мұражайында мерекелік думан өтті. Әз наурызды отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, бір ай бойы тойласақ та артықтық етпейді. Өйткені ол біздің төл мерекеміз дейді ұйымдастырушылар.
Мерекелік думанда қазақтың ұмытылып бара жатқан барлық салт-дәстүрлері көрсетілді. Сондай-ақ жастар алтыбақан теуіп, ән мен биден шашу шашты. Мерекелік думанға зиялы аға буын өкілдері, ұстаздар мен оқушылар қатысты. Мұражай басшысының айтуынша, мұндай игі шара ұлттық дәстүрді ұлықтауға арналған.
Мерекелік шарада сал-серілер ат үстінде ән салса, бишілер мың бұралып биледі. Думанның көркін келтірген бүркітшілер мен тазы иттер болды. Сонымен қатар балалар асық ойнап, үлкендер тоғызқұмалақтан бақ сынасты. Жастар қазақтың халық әндерін орындап, айтыс өнерін көрсетті.
Думанның дәл осылай ауқымды түрде өтуіне облыс орталығының атымтай жомарт кәсіпкерлері де ат салысқан. Олар ұлттық тағам наурыз көже мен бауырсақ дайындап, қонақтарға таратты. Осындай мазмұндағы игі шараларды мұражай ұжымы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп тұрады.
Айгүл Мырзағалиқызы, Данияр Жұмағұлов