Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ақмола облысында бірқатар мерекелік іс-шаралар өткізілуде. "Сағындырған әндер-ай" атты облыстық ретро-фестивалінде халық арасында кеңінен таралып, өз уақытының әсем сазы болған әндер әлемі көрерменмен қайта қауышты.
"Ана", "Сәулем", "Әнім сен едің", "Этот мир" әндері өткен ғасырдың соңғы ширегіндегі құлақ құрышын қандырар саз сандығының жиынтығы еді. Әуені әсерлі, мағынасы терең осы сынды 20-дан аса ән бүгінгі кеште көпшілікке жол тартты. Тек қазақ тілінде емес, орыс, шетел әуендері де орындалып, сонау 80-ші, 90-шы жылдарға әуезді саяхат жасалды.
Фестиваль аясында Шәмші Қалдаяқовпен қатар, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев сынды бірқатар өнер майталмандарының әуендері шырқалды. Көрермендердің айтуынша, бұрынғы әндерді бүгінгімен салыстыруға келмейді. Мағынасы терең, - дейді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ретро-әндер жоғары сұранысқа ие. Мұндай кештердің аға буын өкілдерін жастық шағына сапар шектіріп, өскелең ұрпаққа төл мәдениетімізді жадынан шығармауына зор септігін тигізеріне күмән жоқ.
Раушан Сайлауқызы, Павел Соловьев