ДИКТОР: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық экономиканы дамыту, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және IT-индустрияны қолдауды ел дамуының басым бағыттарының бірі ретінде атап өтті. Оның тапсырмасына сәйкес, бұл міндеттер Ақмола облысында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мәселен, өңірде цифрлық инфрақұрылымды дамыту, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында бірқатар ауқымды жоба қолға алынған. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.
РКС: Бүгінде өңірдегі мектептердің басым бөлігі кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген. Электронды күнделік пен қашықтан оқыту платформалары арқылы білім беру сапасы да артып келеді. Денсаулық сақтау саласында да цифрлық жүйелер кеңінен енгізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында биыл жыл соңына дейін жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын 95 ұйымға «Бірыңғай кадрлық жүйе» ақпараттық жүйесін енгізу жоспарланған. Бұл жүйе кадрлық құжат айналымын автоматтандырып, мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған.
СНХ: ДИНАРА ӘЗБЕРГЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ МҰРАҒАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Бүгінде 105 тұтынушыны кезең-кезеңімен қосу кестесі бекітілді. Ақмола облысы орталықтандырылған сатып алу жүйесін енгізген алғашқы өңір. Бұл өз кезегінде жұмысты жеңілдетіп қана қоймай, сонымен қатар 3,5 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді. «Бірыңғай кадрлық жүйе» кадр қызметтерінің жұмысын едәуір жеңілдетті. Сонымен қатар, былтыр мемлекеттік бастама аясында еліміздің ауыл мектептерінде спутниктік технологиялар арқылы «Starlink» ақпараттық-коммуникациялық жүйелерге қолжетімділікті кезең-кезеңімен орнату басталды. Бұл шалғайдағы ауыл мектептерін тұрақты интернетпен қамтамасыз етіп, негізгі мәселені шешті.
РКС: Бүгінде 258 елді мекенге байланыс желісі тартылған.
СНХ: РАХАТ БЕРКІМБАЕВ, «SMART AQMOLA» КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: Соның ішінде жыл соңына дейін 219 елді мекенде интернет байланысын тікелей тұрғын үйлерге жеткізу жоспарланған. Бұған қоса, 2027 жылға дейін Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша тағы 279 ауыл байланыс желісіне қосылу үшін таңдалды. Ақмола облысы әкімінің тапсырмасы бойынша «Smart Aqmola» алаңында Өңірлік басқару орталығы ашылады. Бұл орталық аймақтағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің дамуын бақылаумен айналысады. Яғни, онда барлық жобалардың жағдайы, жүзеге асырылуы мен даму барысы енгізіледі
РКС: Сондай-ақ, өңірде IT саласын дамытуға ерекше басымдық беріліп отыр. Мәселен, Көкшетауда халықаралық IT-стартаптар орталығы - «Astana Hub» өкілдігі ретінде жұмыс істейтін «Aqmola Hub» өңірлік технопаркі табысты дамып келеді. Технопарк Ақмола облысының цифрландыру және мұрағаттар басқармасымен бірлесе, өңірлік стартап экожүйесін қалыптастыруға үлес қосуда.
СНХ: ДИАН АЙБАШПАНОВ, «ASTANA HUB» ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Биыл «Astana Hub:Startup Garage» жобасына өңірден 18 стартап ұсынылды. Сонымен қатар, өңірде жасанды интеллектіні дамыту бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, 300-ден астам азамат «Жасанды интеллект негіздері: ChatGPT» атты оқу бағдарламасы бойынша білім алды. Сондай-ақ, мемлекеттік «Tech Orda» бағдарламасы аясында 130 ақмолалық IT және жасанды интеллект саласындағы түрлі бағыттар бойынша курстан өтті.
РКС: Цифрлық даму - ел болашағының негізі. Бүгінде өңірде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған стратегиялық міндеттермен толық үндесіп, жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ