Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы әдебиет және өнер мұражайымен бірлесе отырып, Олжас Сүлейменовтың шығармашылығына арналған дөңгелек үстел өткізді. Қатысушылар талантты тұлға, танымал ақын, жазушы, қоғам қайраткері жайлы қызықты деректерді ортаға салды. Сондай-ақ, дөңгелек үстел барысында заманауи поэзия, оның жетістіктері мен өзекті мәселелері жайында да айтылды. 

Олжас Сүлейменов 1961 жылдың көктемінен бастап оқырман қауымға кеңінен танылды. Адамзаттың ғарышқа ұшуы жайында терең ойлы, ерекше толқынысты өлең шумақтарын жыр сүйер қауымға арнаған кезеңі ақынның жұлдызды сағаты болатын. Осыдан кейін Олжас Сүлейменов мәдениеттің, өркениеттің, әдеп-ғұрыптың ақыны ретінде өзінің лайықты бағасын алып келеді. 

ЖАННА ТОЛЫСБАЕВА, ӘДЕБИЕТТАНУШЫ:

- Олжас Сүлейменовтың өр рухы, дауыс ырғағы, өзін-өзін ұстауы, асқақ өлеңдері еліміздің барлық өңірінде зор құрметке ие. Оның өлеңдерінің рухы – нағыз еркіндіктің рухы. Ол – өте талантты ақын әрі әдебиеттанушы. Мәтіндерді зерделеумен шынайы түрде айналысып келеді. Бұл баршаны таң қалдырады. Олжас ақын сияқты поэзия әлемін зерттеу сирек кездесетін қасиет деп білемін. 

Олжас Сүлейменовтың өлеңдері мен поэмалары әлемнің 11 тіліне аударылған. Әр өлеңінен ақынның қазақ жеріне деген ерекше ықыласын аңғаруға болады. 

НАЗГҮЛ ӘМІРЖАНОВА, ОҚЫРМАН:

- Олжас Сулейменов – ғаламат тұлға, танымал қоғам қайраткері. Мен оның шығармашылығын ерекше құрметтеймін. Рухы биік өлеңдерін сүйіп оқимын. 

ӘЙГЕРІМ ШАЛДАНБАЕВА, СТУДЕНТ:

- Мен филология факультетінің студенті ретінде, Олжас Сүлейменов ел әдебиетінің, оның ішінде поэзияның дамуына өлшеусіз үлес қосты деп есептеймін. Жас ұрпақ үшін ол әрдайым үлгі болып қала бермек. Ақын өлеңдерінің ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, өзектілігін ешқашан жоймайтынына сенемін.

Олжас Сүлейменовтің толағай табысы ерекше талантына, өзгеше ойларына және қажырлы еңбегіне байланысты. Ағымдағы жылдың 18-ші мамырында тау тұлға сексен жасқа толды. Ал, жақында оған Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. 

Нұргүл Нұрбайқызы, Сәния Көпжасарова, Бауыржан Смағұлов