ДИКТОР: Отбасын нығайту, ана мен баланы қорғау мәселелері қоғам назарынан ешқашан сырт қалған емес. Бұл жерде белсенді азаматтық ұстанымы бар әйелдер бірлестігі – аналар кеңесінің ролі ерекше. Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы жанында консультативті-кеңес органы жұмыс істейді. Мұндай нәзік жандылар өзекті мәселелерді ортаға салып, оны бірлесіп шешудің жолдарын іздейді.

РКС: Аналар кеңесінің құрамына көп балалы аналар, ұстаздар, дәрігерлер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен заңгерлер, медиаторлар кіреді. Ажырасудың алдын алу, әйелдерді қолдау, құқықтық сауаттылықты арттыру, балалар мен жасөспірімдерге жәрдемдесуге жұмыла кетеді. Аймақта «Мәдениетті ана – Мәдениетті ұлт» жобасы жүзеге асырылуда. Аталған бастама аясында кеңес мүшелері жас аналармен тығыз байланыста. Оларға қашан да ақыл-кеңестерін айтып, өмірлік тәжірибелерімен бөліседі. Сонымен бірге жалғызбасты аналар мен балаларға қайырымдылық шараларын өткізеді.

СНХ: БАҚЫТЖАН АЙДОСОВА, ОБЛЫСТЫҚ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ: Отбасы мерекесі келе жатыр. Қыздар тәрбиесі мәселесіне, отбасындағы құндылықтарды насихаттау мәселесіне өте терең мағыналы шараларды өткізуге тырысамыз. Себебі, бұл жерде өте келелі мәселелердің бірі тәрбиенің ақсаңдап жатқандығы. Сондықтан бұл бағыттағы шараларда көпбалалы аналардың қатысуын қамтамасыз етеміз. Олардың жастармен кездесуінде, қыздар тәрбиесінде өздерінің берген өнегелі өсиеттерін біліп өссін балалар деген ниетпен жасаудамыз.

РКС: Аналар кеңесі жастармен түрлі кездесулер ұйымдастырады. Ешқандай дәріс оқылмайды. Басты мақсат – оларды тыңдап, қолдау білдіру, кез келген келеңсіздіктің алдын алу. Қазір жастар нашақорлық, лудомания, құмар ойындарға салынып кеткен. Бұл өзін ғана емес, бүкіл отбасын қиын жағдайға қалдыратын үлкен мәселе, -дейді облыстық аналар кеңесінің мүшелері.

СНХ: АНАРГҮЛ МҰХАМЕДРАХИМОВА, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АҚМОЛА АССАМБЛЕЯСЫ АНАЛАР КЕҢЕСІ ТӨРАЙЫМЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Отбасынан ұзап шығып, ілім-білім іздеп келген жастардың бірінші курстан бастап несиеге құныққаны қынжылтады. Қалаға келген әр екінші жас қызықты әрі әлем-жәлем өмір сүргісі келеді. Ол үшін не істейді? Қымбат телефон, сағат, өзге де заттар алу үшін несие алады. Біз жастармен кездесуге барған кезде оларға ана ретінде ақыл айтуға ұмтылмаймыз. Алдымен оның құшағымызға қысып тұрып, жағдайының қалай екенін сұраймыз. Қарның ашып қалған жоқ па, тамақ іштің бе дейміз. Алып жатқан шәкіртақысын дұрыс пайдалануын сұраймыз. Бір жыл оқыған баласының мойнына үлкен қарыз ілінгенін көп ата-ана біле бермейді. Олар оны шағын несие ұйымдарынан алады. Бастапқыда қолға тез алынатын жеңіл ақша болғанымен, оның үстемесі жан түршіктіреді.

РКС: Қазір еліміздің аймақтарында 16 облыстық 50-ге жуық қалалық, 270 аудандық және бір мыңнан астам ауылдық аналар кеңесі жұмыс істеп тұр. Белсенді әйелдер қолдауға зәру. Олар қоғамды бақылаушы ғана емес, көмекке мұқтаж өзге отбасы өмірінің жақсаруына үлес қосуға шақырады,-дейді кеңес мүшелері.

ТОҒЖАН БАЙМЕНОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ