ДИКТОР: Қосшы қаласындағы “Жаңа белес” балаларды дамыту орталығында тоғызқұмалақ және бестемше ұлттық, спорттық ойындарына баулитын үйірме ашылды. Қазір оған балалармен қатар ата-аналардың да қызығушылығы артып келеді.
РКС:Үйірменің ашылғанына биыл 3 жыл. Бастапқыда 10-15 ғана оқушы ниет білдірсе, қазір ұлттық ойынға ынтық 35 бала келіп жүр. Ойынға оқушылардың қызығушылығы артқан. Бұл ойын баланың ойы мен қиялын дамытуға әсері мол,-дейді үйірме жетекшісі. Жақында ұйымдастырылған қалалық сайысқа орталық оқушыларынан 25 бала белсене қатысты.
СНХ: ГҮЛБАНУ БАЖИЕВА, ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ, БЕСТЕМШЕ ОЙЫНЫ ҮЙІРМЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: Тоғызқұмалақ Абай Құнанбаевтың ең сүйікті ойыны. Ұлы Абай тоғызқұмалақтың шебер ойыншысы ғана емес, сонымен қатар жарыстардың ұйымдастырушысы әрі демеушісі ретінде танылған. Абайдың немересі тоғызқұмалақ мектебін ашып алдыңғы үрдістерді жалғастырған. Сол сияқты ата-бабамыздан келе жатқан үрдісті қазір біз ұстаздар жалғастырып келеміз. Бұл ойын логика мен есептің, сабыр мен шешім қабылдаудың мектебі. Ұлттық ойынды үйрету болашаққа құрмет.
СНХ: БАТЫРЖАН ШӘМШАТ, ОҚУШЫ: Тоғызқұмалақ қазақтың ұлттық спорттық ойыны. Тоғызқұмалақта 18 отау, 2 қазан, 162 құмалақ болады. Тоғызқұмалақ ойынында 1-ші отаудан 8-ші отауға дейін тұздық алуға болады. Ал 9-шы отаудан тұздық алуға болмайды.
РКС: Орталық ұйымдастыратын қалалық сайыстарда жүлделі орындардан көрініп жүрген оқушылар өте көп. Оқушылар 3 жыл ішінде алған білімдерінің арқасында қазір өздері де жаттықтырушылық қызметті атқара алады. Демалыс кезінде орталық оқушылары Астана мектептеріне барып, ұлттық ойынның қыр-сырын өзгелерге үйретіп жүр.
СНХ:ЗАҢҒАР ТҰРҒАНБЕК, ОҚУШЫ: Біз тоғызқұмалақты ғана ойнап қоймай, қазақтың ұлттық ойыны бестемшені де ойнаймыз. Бестемшеде 2 қазан, 50 құмалақ, 10 отар болады. Бестемшеде 5 отауға 5-5тен қояды. Қазақтың ұлттық спорттық ойыны тоғызқұмалақ пен бестемшені үйреніп жүріңіздер.
РКС: Тоғызқұмалақтың тарихы бай, өте пайдалы зияткерлік ойын. Бұл ойын адамға сабырлылықты, қайсарлықты, тәуекелшілдікті, қашан да дұрыс шешім қабылдауды үйретеді. Оны «ойшылдар ойыны» деп те атайды. Оның себебі, жүрек тазарып, ақыл жетіледі. Ойыншының есте сақтау қабілеті артып, ойлау қабілеті өседі, оның үстіне терапиялық сипаты да зор. Қазақтың дәстүрлі ойыны қазіргі заманның талабына сай өзгертіліп, мобильді қосымшасы да шыққан.
НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ,КӨКШЕ АҚПАРАТ.