ДИКТОР: Көкшетаудан тағы бір топ жас Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Осыған орай әскерге шақырылушылар күніне арналған салтанатты акция өтті. Аталған шара әскерге шақырылушыларды мерзімді әскери қызметке шығарып салу аясында ұйымдастырылды. Тілшіміз Евгений Варанкин жалғастырады.

РКС: Шараға әскерге шақырылушылар мен олардың ата-аналары қатысты. Бүгін 35 жас аттанды. Олар Отан алдындағы борышын облыс аумағында өткереді. Целиноград ауданына қарасты Ақмол ауылында орналасқан №44813 әскери бөлімшесінде әскердің қыр-сырын меңгереді. Салтанатты шара Ауған жауынгерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: ДОСҰЛАН АЙТБАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Отан – ең қастерлі де қасиетті сөз. Ата-заңымызда Отанымызға адал қызмет ету және оны қорғау әрбір азаматтың қасиетті парызы деп жазылған. Ежелден батыр бабаларымыз кең байтақ даламызды қорғау бізге мұраға қалдырып кетті. Ержүрек батырлар мен даңқты бабалардың арқасында ғасырлар бойы аңсаған арман тәуелсіздікке қолымыз жетті. Сіздерге олардың жолын абыроймен жалғастыру мүмкіндігі түсіп отыр.

РКС: Шара барысында жасөспірімдердің бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға қосқан үлесі үшін алғашқы әскери дайындық оқытушылары мен қорғаныс істері департаментінің өкілдері Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Алғыс хатымен марапатталды. Кейін болашақ сарбаздар «Таза Қазақстан» акциясы аясы аясында 40-қа жуық ағаш көшетін отырғызды.

СНХ: БЕЙБАРЫС ХАСЕН, ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРЫЛУШЫ: Мен үшін елімді қорғау – туған жерімді қорғау деп білемін. Ана мен балаға қамқор болу. Біз сарбаздар өзіміздің даңқты бабаларымыздың жауынгерлік рухын биік ұстап, еліміздің мүддесін қорғап, Отанға адал қызмет етуге дайынбыз. Бүгін бізге ардагерлердің тілектеріне сай болуға бар күшімізді саламыз.

РКС: Айта кетейік, Ақпанның 13-інде мемлекет басшысы азаматтарды 2025 жылғы наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айларында кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру туралы жарлыққа қол қойды. Осыған орай биыл еліміз бойынша 18 бен 27 жас аралығындағы 42 мыңнан астам ер азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.