ДИКТОР: Ақмола облысы әкімдігінде Есіл су бақылау құрылғысын салу мәселесі талқыланды. Үкіметтің жоспары бойынша Жол картасын әзірлеп, жобаны іске асыру көзделіп отыр. Бүгінде Азия даму банкімен меморандумға қол қойылған. Қаржыландыру мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.
РКС: Жыл сайын Есіл және Жарқайың аудандары көктемгі су тасқыны қаупіне ұшырайды. Бұл мәселені шешудің тиімді жолы - Есіл су бақылау құрылғысын салу. Жоба су тасқыны көлемін 50 процентке дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Сергеев және Петропавл су қоймаларының тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді. Былтыр жоба мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алды. Ал жоба құны 103 миллиард теңге.
СНХ: ДИАС ОРАЗБЕКОВ, «ҚАЗСУШАР» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КӘСІПОРНЫ ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: Сәуір айында Азия даму банкінің жұмыс тобы іссапармен келеді. Олар жоба аясында қамтылатын елді мекендерде зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Министрлік, кәсіпорын және жергілікті атқарушы орган өкілдерінен тұратын арнайы жұмыс тобы құрылады.
РКС: Есіл су қоймасының ұзындығы 80, ені 17 шақырым. Ведомствоның мәліметінше су бақылау құрылғысы 873 миллион текше метрге дейін су жинай алады. Мұндай нысан көктемгі су тасқыны кезеңінде Есіл өзеніндегі су деңгейінің кенет көтерілуін тежейді.
СНХ: ЕРЛАН РАҚЫШЕВ, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРЛІГІ СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КОМИТЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС САРАПШЫСЫ: Бөгеттің жармасы Курское ауылынан Үшқарасу, Тасөткел ауылдарына дейін 1,8 шақырымда орналасқан. Су қоймасы дәл осы ауматы алады. Аталған жобаны жүзеге асыру кезінде тұрғын үйлер, әлеуметтік және өндірістік нысандар, егістік алқаптар, ауылды елдімекендердегі жайылымдық жер су астында қалатынын атап өту керек.
РКС: Нысанды тұрғызуды қамтамасыз ету мен әлеуметтік тәуекелдерді азайту үшін барлық талқылау мен құрылысты жүзеге асыру жан-жақты бақыланады. Қазақстандағы су саласын дамытудың Кешенді жоспарына сәйкес Есіл өзеніндегі Есіл су бақылау құрылғысының құрылысына қатысты жұмыстар 2028 жылға дейін жоспарланған.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ