ДИКТОР: Назарбаев Зияткерлік мектебінің жаратылыстану бағытындағы физика пәнінің мұғалімі Жанғозы Оңғарбай әдістемелік оқу құралына авторлық құқық иеленді. Аталған оқу құралы 11-12 сынып оқушыларының физика пәнінен практикалық емтиханға жүйелі әрі тиімді дайындалуына бағытталған.

РКС: Жанғозы Оңғарбайдың ұстаздық еңбек өтілі - 26 жыл. Соның 16 жылын ол осы білім ордасында шәкірт тәрбиелеуге арнаған. Ұзақ жыл физикадан берген терең білімі мен талапшылдығының арқасында осы пәнді саналы түрде таңдап, оны өмірлік бағытына айналдырған түлектері де аз емес. Тіпті, сол шәкірттерінің кейбірімен кейін әріптес болып бір ұжымда қызмет атқарған сәттер де болғанын ұстаздың өзі мақтанышпен еске алады. Бүгінде тәжірибелі педагог өз түлектерінің болашағына бей-жай қарамай, олардың емтиханға дайындығын жеңілдету әрі жүйелеу мақсатында әдістемелік оқу құралын әзірлеп отыр. Ұстаз мұндай еңбекті жазуға нақты бір арнайы оқу құралының болмауы түрткі болғанын алға тартып отыр.

СНХ: ЖАНҒОЗЫ ОҢҒАРБАЙ, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІ ЖАРАТЫЛЫСТАНУ-МАТЕМАТИКАЛЫҚ БАҒЫТТАҒЫ ФИЗИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ: Бұл жаңа форматқа негізделіп жасалған. Сондықтан ерекшелігі негізі сол деп айтуға болады. Біз әріптестермен бірлесіп бұл құралға авторлық құқық алдық. Енді қазір жаңағы біздің мектеп жоғары орынғанда ғой. Әдістемелік кеңесінің шешімін күтіп отырмыз. Содан кейін жаңа баспаға шығарамыз.

РКС: Әріптестері де Жанғозы Оңғарбайды өз ісінің шебері екенін атап өтті. Оның сабырлығы мен мейірімділігі сабақ кезінде әрдайым жылы атмосфера қалыптастырады. Бұл оқушыларға еркін әрі жайлы жағдайда оқуға, өздерін дамытып, шығармашылық қабілеттерін толық пайдалануға мүмкіндік береді.

СНХ: ӘЙГЕРІМ ОРАЗҒАЛИЕВА, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІ ЖАРАТЫЛЫСТАНУ-МАТЕМАТИКАЛЫҚ БАҒЫТТАҒЫ ФИЗИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ: Жанғозы Оңғарбай керемет ұстаз әрі кәсіби маман. Ол сабаққа әрқашан шығармашылық тұрғыда қарайды. Оқушыларының әрқайсысының мықты жақтарын байқап, қолдап, мотивация беріп отырады. Бұдан бөлек, Жанғозы Оңғарбай – шын мәнінде шығармашылыққа толы тұлға. Қазір ол әдістемелік оқу құралының авторы. Менің ойымша, бұл еңбек біздің кәсіби орта үшін өте құнды. Себебі ол оқушылардың білім алуын жеңілдетіп, сабақ сапасын жаңа деңгейге көтереді.

РКС: Өткен оқу жылынан бастап практикалық емтиханның форматы өзгеріп, тапсырмалар құрылымы күрделене түскен. Бұрын дайын үлгімен жұмыс істеген оқушылар енді анализ бен синтезге негізделген тапсырмаларды өз бетінше орындауға көшкен. Соның нәтижесінде қиындық деңгейі айтарлықтай артып отыр. Осындай жауапты кезеңде жазылған әдістемелік оқу құралы оқушылар үшін сенімді бағыт-бағдар болары сөзсіз.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ