ДИКТОР: Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын жариялады. Конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасына негізделген. Ата Заңның жаңа мәтінінде бекітілген құндылықтарға қатысты Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы мүшелерінің қатысуымен «Бірлігіміз әралуандықта» атты диалог алаңы өтті.
РКС: Кездесу барысында Конституцияға енгізілуі көзделген бірқатар маңызды өзгеріс кеңінен талқыланды. Соның ішінде неке институтын нығайту, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ қоғам дамуына тікелей ықпал ететін өзге де өзекті мәселелер күн тәртібіне шығарылды.
СНХ: АСЫЛБЕК БАЯЖҰМА, «BAITAQ» ЖАСЫЛДАР ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Мемлекет басшысы қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, осы жаңа Конституцияда өздеріңіз білесіздер 70 пайызға өзгереді. Оның ішінде 77 тармағы өзгереді. Енді осы қабылданып жатқан жаңа жобада жалпы мемлекеттің болашағын еліміздің экономикасын және экономикалық саяси тәуелсіздік деген бар осы мәселелердің бәрі қамтылып барып ойластырылған дүние. Не себептен Президент институтты енгізіп жатыр. Не себепті халық кеңесі, Құрылтай құрылып жатыр. Оның барлығы бізде іргеде болып жатқан үлкен саяси жағдайларға байланысты.
РКС: Жиын барысында көтерілген негізгі құндылықтар жан-жақты сараланып, Конституцияның жаңа мәтініндегі басты басымдық – адам құқықтарын қорғау екеніне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, бүгінде жасанды интеллект пен цифрландыру секілді ұғымдардың алдыңғы қатарға шығып отырғаны атап өтілді. Бұл – қоғам дамуының жаңа шындығы. Осыған байланысты құқықтық реттеу мәселелеріне жаңаша көзқараспен қарап, заман талабына сай тиімді тетіктер қалыптастыру қажеттігі айтылды.
СНХ: ГЕРИХАН ЯНДИЕВ, «ВАЙНАХ» ШЕШЕН-ИНГУШ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Цифрландыру жағдайында азаматтарды қорғау – Конституциядағы ең маңызды жаңартулардың бірі. Соңғы жылдары республика цифрлық алаяқтық сияқты ауқымды мәселені бастан кешірді. Көбіне банктер мен басқа да ұйымдар жауапкершілікті өз мойнына алмай, барлық жүктеме азаматтарға түсетін жағдайлар жиі кездескен. Сондықтан осы бағыттағы өзгерістер өз уақытында жасалған әрі аса қажет еді. Сонымен қатар, еліміз біртіндеп шикізатқа негізделген даму моделінен бас тартып, адам капиталына басымдық беріп отыр.
РКС: Бүгінде халықаралық қауымдастық Қазақстанды адам құқықтары мен азаматтық бостандықтарды қорғауды басты құндылықтарының бірі ретінде айқын ұстанатын мемлекет деп мойындап отыр. Бұл бағыт ел ішіндегі бірлік пен қоғамдық келісімді, сондай-ақ этносаралық және конфессияаралық татулықты нығайта түсетін берік негіз болмақ. Алдағы уақытта Конституцияға заман талабына сай прогрессивті нормалар енгізіледі. Ең бастысы, Ата Заң уақыт ағымына бейімделе отырып, әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарының мызғымас кепілі болып қала бермек.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ